
Естен кетпес эфирлерді еске алды

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенттері қазақ телевизиясының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, “Құрмет белгісі” орденінің иегері Қажы Қорғанұлымен кездесті.
Қажы Қорғанұлы қазақ телевизиясында 40 жылға жуық еңбек еткен. Сол кездері ұлттық телевизияның ең танымал, маңдайалды дикторларының бірі болды. Ол 1960 жылы Ақтөбе теле-радиосында дикторлық қызметін бастап, 1968 жылы Қазақ телевизиясына шақырту алған. Мұнда журналист, редактор, комментатор, саяси шолушы, диктор қызметтерін атқарып, кейін телефильмдер студиясының директоры болды.
Кездесуде Қажы Қорғанұлы сахна өнерінен басталған шығармашылық жолы қазақ телевизиясында қалай жалғасқанын тебірене еске алды.
Журналистік қызметінде ел аралап, ауылдағы еңбек адамдарымен кездескен сәттерін әңгімелеп, тележурналистің сөйлеу мәдениетіне, дикциясына, сөздің айтылу заңдылығын сақтаудың маңызына тоқталды. Осы тұста “телевизия көрерменнің талғамын көтеруге үлес қосатынын ұмытпау керек” деп шегелеп айтты.
Ардагер тележурналист “Бір хаттың ізімен” телеэкспедициясы арқылы ауыл-аймақты аралап, редакцияға келген көрермен хаттары негізінде зерттеу жүргізген. Қазақ телевизиясында журналистік зерттеудің іргетасы осылай қаланған. Одан кейін “Үш бәйтерек” телехикаяты, “Киіз үй”, “Төрт түліктің төресі” және т.б. көптеген бейнефильмдері Алтын қорда сақталған.
Сонымен қатар “Әр кейіпкер жеке бір мектеп, ал, жақсы адамдармен араласу шығармашылық адамға рухани күш береді. Мен күнделік жазып, хабарларыма түсірген әр кейіпкер туралы естелікті сақтап қалдым. Содан кейін 2021 жылы “Кеудесі ағалардың алтын сандық” деген естелік кітабым жарық көрді” - дейді.
Кездесу соңында студенттер ардагердің өнегелі өміріне, мол тәжірибесіне, мамандыққа деген адалдығына тәнті болып, естелікке суретке түсті. Қажымайтын Қорғанов аталарынан қолтаңба алды.
Ұлт телевизиясын ұлықтауды, еңбегі сіңген ардагерлерді ардақтап, тағзым етуді парыз санайтын жастар өсіп келеді. Көңіл қуанып, көз сүйсінеді...
