
ЕҰУ-ДЕ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

2026 жылғы 25 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Бас ғимаратында бітіруші түлектерді жұмыспен қамтуға бағытталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Іс-шараға университеттің барлық факультеттерінің бітіруші түлектері, соның ішінде Заң факультетінің 118 түлегі қатысты.
Жәрмеңкеге прокуратура органдарының, Астана қаласы мен Ақмола облысы адвокаттар алқаларының, Астана қаласы Полиция департаментінің, ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету полкінің, Астана қаласының әкімшілік сотының, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың, Алматы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының және өзге де құқық қорғау және заң саласы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында жұмыс берушілер түлектерге бос жұмыс орындары, жұмысқа қабылдау тәртібі және жас мамандарға қойылатын кәсіби талаптар жөнінде ақпарат беріп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуіне және жұмысқа орналасуына қолдау көрсету, сондай-ақ жұмыс берушілер мен түлектер арасында тікелей кәсіби байланыс орнату.
Іс-шараға Заң факультетінің Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасы атынан жауапты маман, аға оқытушы Е.А. Наурызбаев қатысты.
Аталған жәрмеңке түлектердің кәсіби бағдарын айқындауға және болашақ жұмыс берушілермен байланыс орнатуына мүмкіндік беретін маңызды алаң болды.
