
ЕҰУ мен Бразилияның Кампинас мемлекеттік университеті білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Бразилиядағы Кампинас мемлекеттік университеті (UNICAMP) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа қол қою рәсімі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Астанада өткен III Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында өтті.
UNICAMP университетінің проректоры Фернанду Антониу Сантус Коэлью жетекшілік еткен Бразилия делегациясының құрамында ғылыми бөлімшелердің, Тілтану институтының, спорт саласының және халықаралық ынтымақтастық офисінің өкілдері болды.
Меморандум тараптардың бірлескен білім беру бағдарламаларын, оның ішінде қос диплом бағдарламаларын әзірлеуіне, ғылыми-технологиялық зерттеулер жүргізуіне және академиялық алмасуды дамытуына жол ашады. Аталған бағыттар ЕҰУ мен бразилиялық серіктес университет арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын айқындайды.
Шетелдік делегациялардың сапары аясындағы мәдени бағдарлама 20 қараша күні ЕҰУ қабырғасында өткен «Bossa Nova» концертімен толықты. Іс-шараны Қазақстандағы Бразилия Елшілігі ұйымдастырды.
Айта кету керек, ЕҰУ Бразилиа университетімен 2021 жылы қол қойылған меморандум негізінде ынтымақтастықты нығайтып келеді. Екіжақты серіктестік академиялық және мәдени алмасуларды, бірлескен зерттеулерді, оқытушылар тәжірибе алмасуын, сондай-ақ конференциялар мен ғылыми семинарлар өткізуді қамтиды.
