
ЕҰУ Қоғамдық қабылдауында әскери кафедраға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ЕҰУ Әскери кафедрасы бастығының орынбасары, запастағы полковник Нұрлан Мамбетов студенттердің әскери даярлыққа қатысты сұрақтарына жауап берді.
Іс-шарада әскери кафедраға қабылдау шарттары, конкурстық іріктеу кезеңдері, оқу бағдарламалары, әскери практикадан өту тәртібі және білім алушыларға қойылатын талаптар жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Нұрлан Мамбетовтың айтуынша, әскери кафедраға қабылдау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің №375 бұйрығымен бекітілген қағидалар негізінде жүзеге асырылады. Конкурсқа қатысуға ниетті студенттер қабылдау жылының 1 ақпанынан бастап eGov порталы арқылы өтініш бере алады.
«Әскери кафедрада оқу студенттердің азаматтық мамандығымен қатар әскери даярлық алуына мүмкіндік береді. Іріктеу медициналық тексеруден, кәсіби-психологиялық тестілеуден, дене дайындығын бағалаудан және конкурстық іріктеуден тұрады. Барлық үдеріс қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес жүргізіледі», – деді ол.
Қабылдау барысында әскери кафедраның оқу процесіне де тоқталды. Білім алушылар тактикалық даярлық, атыс даярлығы, техникалық даярлық, тактикалық медицина, жалпыәскери жарғылар және ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану бағыттары бойынша білім алады. Сабақтар заманауи оқу-материалдық базада өткізіліп, теориялық дайындық тәжірибелік машықтармен ұштастырылады.
Сонымен қатар әскери даярлық кезіндегі қауіпсіздік талаптары, қару-жарақпен жұмыс істеу тәртібі және әскери мүлікті сақтау мәселелері түсіндірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің нормативтік талаптарына сәйкес ұйымдастырылатыны атап өтілді.
Шара соңында қатысушылар әскери кафедрада оқу мерзімі, әскери ант қабылдау рәсімі, дене дайындығына қойылатын талаптар және оқу аяқталғаннан кейін берілетін мүмкіндіктер туралы өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
