
ЕҰУ ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНДА ЖАҢА ОҚУ ЗАЛЫ АШЫЛЫП, ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ АЛТЫ ТУЫНДЫСЫНЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

2026 жылғы 26 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «QALAM жазушы кафедрасы» оқу залының салтанатты ашылуы өтті.
Салтанатты шарада ЕҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бақытұлы Бейсенбай құттықтау сөз сөйлеп, жаңа оқу залының студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, университеттің рухани кеңістігін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Ардақ Бақытұлы мен жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кенжебай Ахметов жаңа оқу залының лентасын қиып, оның жұмысын ресми түрде ашты.
Ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиев жиналған қауымды жаңа оқу залының ашылуымен құттықтап, «QALAM жазушы кафедрасы» жобасының мақсаты мен алдағы жұмыс бағыттарына тоқталды. Ол жаңа кеңістіктің әдеби орта қалыптастыруға, жазушылармен және әдебиет өкілдерімен кездесулер ұйымдастыруға, жастардың кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталғанын атап өтті.
Іс-шара Астана қаласы бойынша «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесі мен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Руханият» КММ ұйымдастырған «Цифрлық трансформация дәуіріндегі аударма ісі» қалалық форумы аясында өткізілді.
Салтанатты ашылудан кейін «Аударма өнері және әлемдік классикалық әдебиет» тақырыбында әдеби кездесу өтті. Кездесу барысында «Qasymkitap» баспасынан жарық көрген әлем әдебиетінің алты классикалық туындысы – Лев Толстойдың «Өліп-тірілу», «Арылу», О. Генридің «Әулиелердің сыйы», Антон Чеховтың «Дала», Проспер Мерименің «Кармен» және Оноре де Бальзактың «Қызыл қонақ үй» кітаптарының тұсауы кесіліп, оқырман қауымға таныстырылды.
Әдеби кездесуді әдебиеттанушы, «Qasym» баспасының шығармашылық директоры Ұлан Еркінбай жүргізіп, жазушы-аудармашылар Кенжебай Ахметов пен Мұқан Абдуллаевпен мазмұнды сұхбат өрбітті.
Кездесу барысында жаңа басылымдардың мазмұны, көркем аударманың ерекшеліктері, аудармашының шығармашылық ізденісі мен әлемдік классикалық шығармаларды қазақ тіліне тәржімалау мәселелері талқыланды. Қатысушылар аудармашыларға сұрақтарын қойып, жаңа туындылар жөнінде пікір алмасты.
