
ЕҰУ-да ғылым мен білім беруді дамытудың заманауи тәсілдері талқыланды

2026 жылғы 27 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жаратылыстану ғылымдары институтында Педагогикалық шеберлік мектебі аясында «Ғылым мен білім беруді ұйымдастырудың заманауи тәсілдері: Michigan State University тәжірибесі» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар (вебинар) өтті. Іс-шара «Болашақ – 500 ғалым» бағдарламасы бойынша АҚШ-та өткен ғылыми тағылымдаманың қорытындыларына арналды.
Вебинар спикері – жалпы биология және геномика кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доценті), биология ғылымдарының кандидаты Асия Дарбаевна Дукенбаева. Ол 2025–2026 жылдары Мичиган мемлекеттік университетінің (Ист-Лансинг, АҚШ) Өсімдік, топырақ және микробтық ғылымдар департаментіне қарасты бұршақ селекциясы және генетикасы зертханасында (Dry Bean Breeding and Genetics Laboratory) ғылыми тағылымдамадан өтті.
Іс-шараға ЕҰУ оқытушылары, жас мамандар, студенттер мен магистранттар, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биология және биотехнология факультетінің Ботаника және агроэкология кафедрасының оқытушылары мен «Биология» білім беру бағдарламасының магистранттары (Алматы қ.) және Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Геология және мұнай-химия инжинирингі» кафедрасының өкілдері (Ақтау қ.) қатысты.
Баяндамада MSU-дың білім беру, зерттеу және ғылыми білімді практикаға енгізуді біріктіретін моделі, зертханалық, жылыжай және далалық зерттеулерді ұйымдастыру тәжірибесі таныстырылды. Спикер кәдімгі үрмебұршақтың антракнозға төзімділігін зерттеу, фенотиптеу, молекулалық әдістер және заманауи микроскопия бойынша жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ зерттеуге негізделген оқыту, цифрлық ғылыми ресурстар, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану және студенттерді ғылыми жобаларға тарту мәселелері қарастырылды.
Вебинар тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Студенттер, магистранттар және жас оқытушылар білім беру бағдарламаларының мазмұны, силлабустарды әзірлеу, оқу нәтижелерін бағалау және алдағы ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы көптеген сұрақтар қойды. Белсенді пікір алмасу барысында теориялық білімді ғылыми зерттеулермен және практикалық қызметпен ұштастыруға, MSU-дың озық тәжірибесін Қазақстан жоғары оқу орындарының ерекшеліктеріне бейімдеуге баса назар аударылды.
Семинар халықаралық тәжірибе алмасуға, оқытушылардың кәсіби дамуына және жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды алаң болды.
