
«Туризм» кафедрасының бітіруші курсының 91 студенті сертификат алды

ЕҰУ-да туризм кафедрасы студенттерінің сертификаттаудан сәтті өтуіне байланысты табыстау рәсімі өтті.

Экономика факультеті «Туризм» кафедрасының «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі», «Туризм» білім беру бағдарламаларының бітіруші курс 91 студенті «Туризм менеджері», «Қонақ үй әкімшісі», «Мейрамхана әкімшісі» біліктіліктері бойынша сертификаттарға ие болды. Сертификаттауды Қазақстан Туристік қауымдастығы (КТА) және Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығы (Қагир) жанындағы «Қонақжайлылық индустриясының сертификаттау орталығы» ұйымдастырды.
Сертификаттау рәсімі онлайн форматта өткізілді және екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде студенттер 100 сұрақтан тұратын теориялық тестілеуден өтуі қажет болды, оның ішінде екінші кезеңге өту үшін кемінде 70 дұрыс жауап жинау міндетті еді. Екінші кезең практикалық бөлім болды, білім алушылардан салалық қауымдастықтармен және «Атамекен» ҚР ҰКП-мен келісілген ситуациялық кейс-тапсырмаларды шешу талап етілді. Сертификаттауды туризм саласындағы қызметкерлер мен жұмыс берушілерді бағалау жөніндегі сарапшылардан тұратын біліктілік комиссиясы қабылдаған болатын.
Сондай-ақ, аталған іс-шараға Түркияның 5* қонақ үйінде «Туризм» кафедрасының 2-ші курс студенттерінің тағылымдамадан өткендігі туралы сертификаттарды тапсыру үшін «FunPlusJob» компаниясының басшылары Волкан Учар, Сағатбек Қымбат шақырылды. Екі тарап арасындағы ынтымақтастықтың арқасында студенттер бірегей мүмкіндік пен баға жетпес тәжірибеге ие болды, атап айтқанда, Анталия мен Бодрум қонақ үйлерінде Guest Relation, әкімші, ресепшн, аниматор, F&B Staff позицияларындағы жұмыс өтілін жинақтады.
Сертификаттар Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашқынбайдың, Мансап және бизнес-әріптестік бөлімінің бастығы Гүлнұр Смагулованың, Экономика факультетінің деканы Аида Жагыпарованың, «Туризм» кафедрасының меңгерушісі Ляйля Муталиева, «FunPlusJob» компаниясының басшысы Волкан Учар және түлектерді жұмысқа орналастыруға жауапты Куралай Тукибаеваның қатысуымен ресми түрде табысталды. Жоғары оқу орын басшылары студенттерді құттықтап, мансапта табыс тіледі.
Сертификат 2 жыл мерзімге беріліп, КТА, КАГиР реестріне енгізілген. Бұл сертификаттау түлектердің белгілі бір біліктілік бойынша білімі мен құзыреттілігін бағалауға және растауға мүмкіндік берді, ал сертификаттың өзі мамандардың дипломына қосымша құжат ретінде пайдаланып, сәтті жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады. Екі кезеңнен барлық студенттеріміз сәтті өтіп, біліктілік комиссиясының шешімімен біліктілік бойынша сертификат берілді.
