
Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу өтуде

2023 жылдың 2 желтоқсанында Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында 2-8 желтоқсан аралығында өтетін магистратураға кешенді тестілеу басталды. Кешенді тестілеуді тапсыруға өтініш қабылдау ҚР ҒжЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізілді. Кешенді тестілеу № 5 оқу-зертхана ғимаратының № 107, № 108 және № 109 аудиторияларында өтеді.

Магистратураға түсушілер 3 блоктан тұратын компьютерлік форматта кешенді тест тапсырады. Бірінші блок – ағылшын тілінен тест (50 сұрақ), екінші блок – оқуға дайындықты анықтауға арналған тест (30 сұрақ), үшінші блок – білім беру бағдарламалары тобының профилі бойынша тест (30 + 20 сұрақ) . Барлық тапсырмаларды орындау үшін 3 сағат 55 минут бөлінеді. Қатысушылар кешенді тестілеуді аяқтағаннан кейін бірден экранда сынақ нәтижелерін көре алады.
Магистратураға түсу үшін шектік балдары өзгерген жоқ: ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша өту балы 75 балл, бейіндік бағыт бойынша – 50 балл. Кешенді тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қатысушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде онлайн апелляцияға беруге құқылы.
Аудиторияға кірер алдында қатсушылар металл детектормен тексеріледі, шпаргалка мен ұялы телефондарды әкелу әрекеттері қатаң бақыланады және қатысушыны тікелей алып тастау қаупі бар.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 2-5 желтоқсан аралығында Мәңгілік ел даңғылы 55/11 мекен жайында өтіп жатқан магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуді ұйымдастыруға «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жауапты.
