
ЕҰУ-да ҚР және Оңтүстік Африка елдері дипломатиялық қатынастарының 31 жылдығы атап өтілді
Еуразия ұлттық университетінде Оңтүстік Африка мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 31 жыл толуына орай ресми іс-шара өтті.
Іс-шараға дипломаттар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен оқытушылар қатысты.
«Мұндай іс-шараны ЕҰУ қабырғасында өткізу елдеріміз арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті дамытуда білім және ғылым саласының орасан зор рөлін айқындайды. Бүгінгі әріптестерімізбен кездесу –
бұл серіктестерімізбен ынтымақтастықты кеңейтудің және ғылыми-академиялық ынтымақтастық шеңберінде жаңа жобаларды іске асырудың маңызды мәселелерін талқылауға тамаша мүмкіндік.
«Thembekile Mandela Foundation» қорының Президенті Ндилека Мандела ЕҰУ-дың құрметті профессоры болып табылатынын және өзінің сапары барысында 2021 жылғы тамызда университет студенттері мен оқытушыларының алдында дәріс оқығанын атап өткім келеді.
Бүгінгі кездесу ғылым мен білім саласындағы екіжақты қарым - қатынастарды дамытуға жаңа серпін береді», - деп атап өтті Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Оңтүстік Африканың ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кийтуметци Мэттьюс бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін ЕҰУ ректоры мен университет қызметкерлеріне өз алғысын білдірді.
«Біздің Қазақстанмен ресми ынтымақтастығымыз басталған кезде Оңтүстік Африка әлі демократиялық ел болған жоқ еді, Нельсон Мандела мырза екі жыл бұрын ғана – 1990 жылы 11 ақпанда босатылған болатын.
Тағдырдың жазуымен бүгінгі Мемлекет басшысы Тоқаев сол тоқсаныншы жылдардың басында Президент Манделамен кездесу өткізіп, иығына қазақтың әдемі ұлттық шапанын жапқан болатын», - деді дипломат.
Оңтүстік Африка Республикасы Халықаралық қатынастар және ынтымақтастық министрінің орынбасары Кандит Машего-Дламини Оңтүстік Африка Республикасы мен Қазақстан Республикасының дипломатиялық қатынастарының дамуы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Бұл шынымен де маңызды оқиға. Біз Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа қосқан үлесін және оның көпжақты мәселелердегі рөлін атап өткіміз келеді. Біз қазіргі жаһандық саяси және экономикалық архитектураның құндылықтары мен салыстырмалы көзқарастарымен бөлісеміз.
Біз Оңтүстік Африка мен Қазақстан арасындағы болашақ қарым-қатынастар бұдан да серпінді болатынына сенімдіміз, әсіресе біздің қарым-қатынастарымыздың экономикалық аспектілері одан әрі кеңейту үшін үлкен әлеуетті көрсетеді», - деп қорытындылады спикер.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш өз сөзінде:
«Бүгінгі іс-шараға ерекше көңіл бөліп, үлкен мән бергендеріңізге аса қуаныштымыз. Елдеріміздің дипломатиялық қарым-қатынастарының келесі 30 жылдығы біздің ынтымақтастығымыздың алтын кезеңі болатынына сенімдіміз.
Оңтүстік Африканың ұлы көшбасшысы, алғашқы демократиялық президенті Нельсон Манделаның: «Егер сіз біздің планетамызды өзгерткіңіз келсе, білім – бұл ең күшті қару» деген сөзі бар.
Сондай-ақ, біздің ұлы философымыз әл-Фараби: «Егер сіз ұлттың болашағын көргіңіз келсе, оның жастарына қараңыз», - деген.
Бұл турбуленттілік кезеңінде біз бауырластық, махаббат, мейірімділік қасиеттерін сақтауымыз керек. Табысты ұрпағымыз үшін жақсы әлем құрайық», - деді дипломат.
Кездесу соңында Африкалық орындаушы Дэнни Петерсен Джембенің барабан ойынын көрсетті.
