Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 2026 жылғы 21 қыркүйектегі Басқарма шешімімен бекітілген Ережеге (№ 23 хаттама) сәйкес ақылы негізде бакалавриатта оқитын білім алушыларға оқу ақысын төлеу бойынша жеңілдіктер алу мүмкіндігі туралы хабарлайды.
Жеңілдіктер бір оқу жылына мынадай негіздер бойынша беріледі:
- «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында мәртебесі белгіленген ардагерлер мен өзге де адамдардың балаларына - 15 %;
- аз қамтылған отбасылардан шыққан білім алушыларға - 15 %;
- өткен оқу жылының қорытындысы бойынша бағалары «B»-ден төмен емес және ғылыми, қоғамдық, спорттық немесе шығармашылық қызметтегі жетістіктері расталған білім алушыларға - 20 %;
- бір отбасының екі немесе одан да көп баласы ЕҰУ-да ақылы негізде қатар оқыған жағдайда, отбасы мүшелерінің бірлескен өтінішінде көрсетілген бір білім алушыға - 30 %;
- ЕҰУ қызметкерлерінің балаларына, қызметкердің университеттегі үздіксіз еңбек өтіліне қарай - 15 %, 30 % немесе 50 %;
- 18–23 жас аралығындағы, кәмелетке толғанға дейін жетім бала немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала мәртебесіне ие болған білім алушыларға, сондай-ақ осы жаста ата-анасының екеуінен де немесе жалғыз ата-анасынан айырылған білім алушыларға - 50 %;
- I немесе II топтағы мүгедектігі бар білім алушыларға - 50 %, III топтағы мүгедектігі бар білім алушыларға - 30 %;
- ата-анасының біреуінде немесе екеуінде де мүгедектігі бар білім алушыларға -15 %.
Жоғары академиялық үлгерімі мен жетістіктері үшін жеңілдік екінші курстан бастап беріледі. Әлеуметтік негіздер бойынша жеңілдіктер оқу курсына қарамастан берілуі мүмкін.
Бірнеше негіз болған жағдайда ең жоғары мөлшердегі бір жеңілдік беріледі. Егер қаржыландыруға қажетті қаражат бекітілген көлемнен асып кетсе, жеңілдік алушылар Ережеде белгіленген басымдық өлшемшарттарына сәйкес іріктеледі.
Келесі оқу жылына жеңілдік алу үшін белгіленген мерзімде қайта өтініш беру қажет.

