
Еркасов Рахметулла Шарапиденович
Химия ғылымдарының докторы, профессор
Еркасов Рахметулла Шарапиденұлы 1948 жылғы 24 ақпанда Павлодар облысы Успенка ауданының Успенка ауылында дүниеге келген. 1966–1968 жылдары В.В. Куйбышев атындағы Томск мемлекеттік университетінде білім алған. 1971 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік бітірген.
1976 жылы Алматы қаласында «Бейорганикалық қышқылдардың бензамид және ацетанилидпен өзара әрекеттесуін зерттеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. 1992 жылы Воронеж мемлекеттік университетінде «Бейорганикалық қышқылдардың ацетамид туындыларымен қосылыстарын синтездеудің және қасиеттерінің физика-химиялық негіздері, оларды қолдану перспективалары» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.
1997 жылға дейінгі еңбек қызметі Қазақ мемлекеттік университетінің бейорганикалық химия кафедрасымен байланысты болды: 1971–1973 жылдары – зерттеуші-стажер; 1973–1976 жылдары – аспирант; 1976–1978 жылдары – ассистент; 1978–1980 жылдары – аға оқытушы; 1980–1992 жылдары – доцент; 1992–1994 жылдары – профессор; 1994–1997 жылдары – кафедра меңгерушісі.
1997 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетіне ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметіне шақырылды. 2001 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне бірінші проректор қызметіне жіберіліп, онда 2005 жылға дейін еңбек етті.
2005–2006 жылдары Еуразия ұлттық университетінің жаратылыстану-техникалық институтының (факультетінің) директоры (деканы) қызметін атқарды. 2006–2009 жылдары С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Өңірлік ғылыми-зерттеу зертханалық кешенінің директоры әрі химия және химиялық технология кафедрасының меңгерушісі болды. 2009 жылғы қыркүйек айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаратылыстану-техникалық факультеті химия кафедрасының профессоры болып қызмет атқарады.
Оның ғылыми зерттеу саласы – көпкомпонентті жүйелерді физика-химиялық талдау, координациялық қосылыстар химиясы, соның ішінде әртүрлі лигандтары бар темір(II) кешендеріндегі спин-кроссоверлік түрленулер химиясы.
Ол протондалған амидтер мен анилидтердің күрделі катиондары бар жаңа типті тұздарды алудың теориялық негіздерін әзірлеумен айналысатын ірі ғылыми мектептің өкілі. Осы ғылыми мектептің ізбасарлары аталған қосылыстарды сутектің координациялық қосылыстарына жатқыза бастады. Сонымен қатар профессор координациялық қосылыстарды синтездеуге және олардың физика-химиялық қасиеттерін зерттеуге, сондай-ақ магниттік қасиеттерге ие координациялық қосылыстарды алуға арналған жұмыстарға ғылыми жетекшілік етеді.
70-тен астам амидқышқылын алу жөніндегі техникалық шарттар Мәскеу қаласындағы ИРЕА тізіліміне, сондай-ақ Ресейдің «Тапсырыспен жасалатын реактивтер» және «Химиялық реактивтер және аса таза заттар» каталогтарына енгізілген.
Термохимиялық мәліметтер АҚШ-тағы Техас термохимиялық орталығының деректер қорына енгізілген. Магниттік қасиеттерге ие темір(II) тұздарының 20-дан астам координациялық қосылыстарының құрылымдары туралы мәліметтер Кембридж деректер қорына енгізілген.
Соңғы жылдары ол полимерлік қосылыстар мен медициналық мақсаттағы биокомпозиттік материалдарды алуға арналған прекурсор ретінде бициклді бисмочевиналар (гликолурил) негізіндегі супрамолекулалық қосылыстардың физика-химиялық қасиеттерін зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын басқарады.
Профессор Р.Ш. Еркасов жоғары білікті кадрларды даярлауға белсенді қатысады. Ол 15 жылдан астам уақыт бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кеңесі және Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ жанындағы докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестердің мүшесі, сондай-ақ Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде PhD докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі болды.
Оның ғылыми жетекшілігімен 20 кандидаттық диссертация және 13 PhD докторлық диссертация қорғалды. Хирш индексі – 6.
2006 жылы Қазақстан Республикасының Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланды және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Р.Ш. Еркасов Қазақстан Республикасының «2010 жылғы ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасын дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдарға арналған стипендияның (2014 ж.) иегері.
Ол «В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай қажырлы еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2007 ж.) марапатталған.
2015 жылы «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» мерейтойлық медалімен, 2016 жылы «Қүлтегін» медалімен, 2018 жылы «Лев Гумилев» медалімен, 2021 жылы «Еуразия университетіне 25 жыл» медалімен марапатталған.

