

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2016 жылдан бастап Старосталар кеңесі өз жұмысын табысты жүргізіп келеді. Кеңес — академиялық топтардың старосталарын біріктіретін және студенттердің оқу барысына белсенді қатысуын қамтамасыз ететін маңызды студенттік құрылым болып табылады.
Старосталар кеңесінің негізгі мақсаты – студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасау және білім беру процесін жетілдіруде университет әкімшілігімен тиімді байланыс орнату. Кеңес мүшелері студенттердің академиялық үлгерімі мен сабаққа қатысуына бақылау жүргізіп қана қоймай, оқу тәртібінің сақталуын қамтамасыз етіп, өз тобының қажеттіліктерін ескеріп, мәселелерді дер кезінде жеткізуге атсалысады.
Старосталар кеңесі – студенттердің білім беру процесінің сапасын басқаруға қатысу құқығын іске асыруының нақты тетігі. Кеңес студенттердің ұсыныстары мен бастамаларын жеткізу үшін Университет басшылығымен тұрақты кездесулер өткізіп, оқу-тәрбие процесін жетілдіру және студенттердің әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар мен бастамаларды талқылауға белсенді қатысады.
Кеңестің құрылымы
Старосталар кеңесінің құрамына барлық факультеттерден, сондай-ақ Жоғары білім беру мектебі мен Физика-техника ғылымдары институтынан сайланған топ старосталары кіреді. Сондай-ақ төраға, төрағаның орынбасары және команда мүшелерінен тұратын кеңестің жұмысшы тобы құрылады.
Старосталар кеңесінің төрағасы Физика-техника ғылымдары институтының 4 курс студенті Айдана Адибай.
Негізгі міндеттері:
- Студенттердің оқу процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету;
- Сабаққа қатысу мен үлгерімге мониторинг жүргізу;
- Оқу сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеу;
- Университет әкімшілігімен өзара байланыс орнату және ақпарат алмасуды қамтамасыз ету;
- Студенттердің пікірін ескере отырып, оқу ортасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қолдау.
Старостаның рөлі қандай?
Топ старостасы – студенттер мен факультет әкімшілігі арасындағы негізгі байланыстырушы буын. Ол оқу процесіндегі ақпаратты топқа жеткізеді, топтың мәселелері мен ұсыныстарын жоғары жаққа уақтылы жеткізеді, сондай-ақ университеттің қоғамдық және білім беру іс-шараларына белсенді қатысады.
