

Құрметті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары, қызметкерлері, студенттері, магистранттары, докторанттары және түлектері!
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті өзінің 30 жылдық мерейтойына арналған айрықша кезеңге - мерейтойлық жылға қадам басты.
ЕҰУ-мен тағдыры тоғысқан әрбір адам үшін бұл ерекше мағынаға ие. Біреулер үшін университет алғашқы кәсіби жеңістерге жол ашқан қасиетті білім ордасы, енді біреулер үшін достықтың, ізденістің, жаңалықтар мен шабыттың мекені болды. Ал көптеген жандар үшін ол өмір жолының ажырамас бөлігіне, тағдырмен сабақтасқан қастерлі орынға айналды.
Сондықтан университет мерейтойы - бұл жай ғана күнтізбедегі дата емес. Бұл осында білім алған, еңбек еткен, ұстаздық еткен, армандаған және болашақты бірге қалыптастырған барлық буын өкілдерінің ортақ мерекесі. Отыз жыл - бұл үлкен еңбек пен жауапкершіліктің, кәсіби адалдық, білім мен ғылымға қызмет етудің айшықты жолы. Осы уақыт ішінде университет қабырғасында мыңдаған тағдыр тоғысты, ғылыми жаңалықтар жасалды, ұстаздық дәстүр қалыптасты, студенттік армандар қанат қақты. Жарқын бастамалар, батыл идеялар мен күнделікті тынымсыз еңбек университетіміздің бүгінгі беделі мен абыройының негізін қалады.
Осы орайда университетіміздің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан ардагерлерімізге, оқытушыларымызға және қызметкерлерімізге ерекше алғысымды білдіремін.
Сондай-ақ университетіміздің ертеңін айқындайтын жас буынға - студенттерімізге, магистранттарымызға, докторанттарымызға және жас зерттеушілерімізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Олардың талпынысы, таланты мен ізденісі ЕҰУ-дың болашағын айқындайды.
Мерейтой - бұл алғыс айту мен үмітке толы кезең. Біз өткен жолымызға құрметпен қарап, болашаққа сеніммен қараймыз. Алдымызда жаңа мақсаттар, жаңа көкжиектер және жаңа жетістіктер күтіп тұр. Бірлік пен ортақ мақсат бізді жаңа биіктерге жетелейді деп сенемін.
Мерейтой жылы университетімізге шабыт, бірлік, жарқын оқиғалар мен ортақ жетістіктер әкелсін!
Құрметпен
Ерлан СЫДЫҚОВ
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры
ЕҰУ - 30 жыл
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті маңызды кезеңге қадам басуда - университеттің 30 жылдық мерейтойы!
Мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыру штабы өз жұмысын бастап кетті. Алда ауқымды шаралар, жаңа жобалар, маңызды кездесулер мен бастамалар күтіп тұр. Олар оқытушыларды, қызметкерлерді, студенттерді, түлектерді және серіктестерді біріктіреді.
Барша университет қауымдастығын осы ортақ тарихтың бір бөлігі болуға шақырамыз!
