
ЕҰУ-дің төлбелгілері

Университет рәмізі - Алтын Сақ жауынгері
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің логотипінде стилдендірілген Алтын Сақ жауынгері бейнеленген. Логотипке «Алтын адам» (б.з.д. VI-V ғасыр) археологиялық жәдігерлігі мотиві бойынша түрколог-ғалым М. Жолдасбековтің идеясы негіз болған.
Университет логотипі - алға ұмтылуды, өмірді қуаттайтын күшті, өзгеріс пен жетістікке ұмтылуды, уақыт пен кеңістік байланысын, сондай-ақ мәдени шынайылық пен көшпелі өркениетті меңзейді.
«Алтын адамның» сақ ақсүйектерінің өкілі екеніне таңғажайып әскери нақыштағы алтын киімі, сакралды мағынаға ие бас киімінің қайталанбас ерекшеліктері мен шебер өрнектелген әскери жабдықтары дәлел.
Негізгі элемент - қазанат (жауынгерлік сәйгүлік) - әлемнің еуразиялық бейнесіндегі культі әрі қазынасы болумен бірге адам мен жылқы арасындағы мыңдаған жылғы дәстүрлі тығыз байланысты айқындайды. Қазақ халқының тағдыры осы қуатты түлікпен біте қайнасқан. Жауынгерлік сәйгүлік - ұлттың ақылдылықты, даналықты, тектілікті, серпінді күшті, сұлулықты бейнелейтін айрықша аңсары. Сонымен қатар жылқы - уақыттың циклдық дамуының ежелгі рәмізі, батылдық пен қуатты биліктің нышаны.
Алтын киімді сақ жауынгерінің бейнесінде Еуразия кеңістігінде өткен оқиғалардың тарихи бастаулары логотиптің тарихи жанрға лайықтап жасалғанын түсіндіреді. Бізге жеткен мұра - еуразиялықтардың материалдық және рухани мәдениетінің құрамдас бөлігі.
Еуразия жүрегінде орналасқан заманауи университеттің логотипін жасау барысында, «Алтын адам» - ең алдымен, қазақ халқының тәуелсіздігі мен еркіндігінің рәмізі, Қазақстан идеологиясының өзегі екендігі ескерілді.
Бұл логотип - «еуразияшылдық» идеясын жеткізушісі, ол Шығыс пен Батыстың біртұтастығын, қарама-қарсы бастаулардың бірлігін, сан алуан мәдени құндылықтардың үйлесімділігін ассоциативті, интуитивті деңгейде нақты түсіндіреді. Сондықтан Сақ алтын жауынгерінің туған жерін әуелгі қорғаушы және Еуразия кеңістігін бірлігінің рәмізі ретінде көрінуі заңды.
Шабандоз бейнесінің ішкі динамикасы оның сыртқы динамикасымен ілесе ілгері ұмтылады, бұл - перманентті алға қарай серпіліс пен дамудың идеалы. Осы құбылыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметінде толыққанды көрініс табады.
