
Берсімбай Рахметқажы Іскендірұлы
Биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі
Берсімбай Рахметқажы Іскендірұлы (8 наурыз 1947 ж., Алтай Республикасы, Ресей Федерациясы) – биология ғылымдарының докторы (1986), профессор (1989), ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі (1995), ҚР ҰҒА академигі (2003), ҚР Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі (2001), Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі (2001), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2019), Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері (2026).
1969 жылы Новосібір мемлекеттік университетін, 1972 жылы КСРО Ғылым академиясы Сібір бөлімшесі Цитология және генетика институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын осы институттың молекулалық генетика зертханасында кіші ғылыми қызметкер болып бастаған. 1974 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 1986 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік университетінде докторлық диссертациясын қорғады.
1975 жылдан 2004 жылға дейін профессор Р.І. Берсімбайдың ғылыми және педагогикалық қызметі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология факультетімен байланысты болды. Осы кезеңде ол кәсіби қызмет жолының барлық сатысынан – аға оқытушыдан бастап кафедра меңгерушісі мен факультет деканына дейінгі қызметтерді атқарды. 1977–1987 жылдары дарвинизм және генетика кафедрасының меңгерушісі, 1987–2002 жылдары генетика және молекулалық биология кафедрасының меңгерушісі, 1988–1995 және 2001–2004 жылдары биология факультетінің деканы қызметтерін атқарды.
Профессор Р.І. Берсімбай 1995–2001 жылдары – ҚР ҰҒА Жалпы генетика және цитология институтының директоры, 2004–2008 жылдары – ҚР Білім және ғылым вице-министрі, ҚР Білім және ғылым министрлігі аппаратының басшысы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші проректоры, 2008–2011 жылдары – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, 2011–2023 жылдары – ЕҰУ-дың жалпы биология және геномика кафедрасының меңгерушісі, молекулалық генетика зертханасының меңгерушісі, Жасушалық биология және биотехнология институтының директоры қызметтерін атқарды. 2023 жылғы қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың жалпы биология және геномика кафедрасының профессоры, Жасушалық биология және биотехнология институтының директоры қызметін атқарып келеді.
British Council стипендиясының иегері ретінде 1983–1984 жылдары Англияның Лондон қаласындағы Ұлттық медициналық зерттеулер институтында (қазіргі Фрэнсис Крик институты) бір жылдық ғылыми тағылымдамадан өтті. Александр Гумбольдт қорының (Humboldt Stiftung) стипендиясының иегері ретінде 1987–1988 және 1991–1992 жылдары Германияның Ганновер қаласындағы Медициналық зерттеулер орталығында және Гейдельберг қаласындағы Еуропалық молекулалық биология зертханасында ғылыми тағылымдамадан өтті. Ұлыбритания Корольдік қоғамының (Royal Society) шақыруымен 1994 жылғы мамыр–қазан айларында Астон университетінде (Бирмингем, Англия) ғылыми зерттеулер жүргізді. Жапонияның ғылымды қолдау қоғамының (JSPS) шақыруымен NIBIO шақырылған профессоры ретінде 2011–2012 жылдары Жапонияның Ұлттық биомедициналық инновациялар институтында (NIBIO, Осака) ғылыми зерттеулер жүргізді.
Академиктің ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты – геномның қызмет ету заңдылықтарын, гормондардың әсерінен гендердің экспрессиясын реттейтін жасушалық және молекулалық механизмдерді зерттеу. Ол генетикалық индукторлардың әсерінен гендер экспрессиясын реттеудің каскадтық принципін алғаш рет негіздеп, жасушалық ансамбльдер деңгейінде реттеуші каскадтардың қызмет ету тұжырымдамасын әзірлеуге мүмкіндік беретін эксперименттік дәлелдер алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың генетика және молекулалық биология кафедрасында және Жалпы генетика және цитология институтында оның жетекшілігімен ұлпаларға тән экспрессияны, жасушаішілік сигнал беруге қатысатын реттеуші ақуыздардың синтезін бақылайтын гендердің ұйымдасуын, генетикалық тұрақсыздық пен бағдарламаланған жасушалық өлімді, жылу шокы гендерінің генетикалық бақылауын және канцерогенезді зерттеуге бағытталған жаңашыл ғылыми жұмыстар жүргізілді.
Профессор Р.І. Берсімбайдың ғылыми зерттеулерінің маңызды бағыттарының бірі – Семей ядролық полигоны радиациясына ұшыраған адамдардың ұрпақтарына тигізетін генетикалық әсерін зерттеу. Радиацияға ұшыраған отбасылардың үш ұрпағындағы адамдардың генетикалық мәртебесі мен радиация әсерінен туындаған ДНҚ зақымдануларын талдау негізінде Семей ядролық полигонына жақын орналасқан аумақта тұратын адамдардың болашақ ұрпақтарына радиацияның ұзақ мерзімді әсерінің трансгенерациялық ықпалы бағаланды. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да оның жетекшілігімен гендердің полиморфизмін, микроРНҚ мен митохондриялық ДНҚ-ның экспрессиялық профилін өкпе обырын ерте диагностикалауға арналған биомаркерлер ретінде зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Профессор Р.І. Берсімбай жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлауға белсенді қатысады. 1989–2002 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетінде «генетика», «биохимия», «цитология, гистология және жасушалық биология» мамандықтары бойынша докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесті басқарды. 2010 жылдан қазіргі уақытқа дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «биология» мамандығы бойынша PhD докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы болып табылады. Оның ғылыми жетекшілігімен 20-дан астам кандидаттық және докторлық диссертация, сондай-ақ 10-нан астам PhD докторлық диссертация қорғалды.
Р.І. Берсімбай 500-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде ағылшын тіліндегі «Cellular mechanisms in the regulation of gastric secretory cells» және «Modern aspects of radon-induced lung cancer: from environmental exposure to cellular effects» монографияларының, сондай-ақ жоғары оқу орындарына арналған қазақ тіліндегі «Генетика», «Жалпы және молекулалық генетика», «Қазіргі биохимия және молекулалық биология әдістері», «Молекулалық биология» және орыс тіліндегі «Молекулярная биология» оқулықтарының авторы. Халықаралық журналдардағы жоғары жарияланым белсенділігі үшін 2018 жылы дипломмен марапатталып, Scopus компаниясы тарапынан «Top Researcher in Medical Sciences» номинациясына ұсынылды. Web of Science деректері бойынша жалпы дәйексөз келтіру саны – 1257, Хирш индексі – 18. Ол генетика бойынша төрт халықаралық конгреске (Мәскеу, 1978; Бейжің, 1998; Берлин, 2008; Сингапур, 2013) қатысты. Мутагенез генетикасы бойынша VIII (Жапония, Шизуока, 2002) және IX (АҚШ, Сан-Франциско, 2005) халықаралық конференцияларының ұйымдастыру комитеттерінің мүшесі болды. 1997–2005 жылдары INTAS және INCO-COPERNICUS халықаралық ғылыми жобаларды сараптау жөніндегі халықаралық сарапшылар тобының мүшесі болды. «microRNA» және «Experimental and Therapeutic Medicine» халықаралық журналдарының редакциялық алқа мүшесі. «Известия НАН РК» журналының («Биология және медицина» сериясы) және «Вестник Бакинского государственного университета» журналының («Биология» сериясы) редакциялық алқа мүшесі. «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысы» журналының («Биология» сериясы) бас редакторы қызметін атқарады. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Германия, Италия, Қытай, Египет, Финляндия, Нидерланд, Венгрия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия, Үндістан, Румыния, Польша, Әзербайжан, Армения және басқа да ТМД елдерінде өткен ірі халықаралық конференцияларда пленарлық және симпозиумдық ғылыми баяндамалар жасады. Мюнхен, Ганновер, Гамбург, Грайфсвальд, Болонья, Киото, Кембридж, Ливерпуль, Астон, Вермонт, Синьцзян, Хайдарабад, Осака және Токай университеттерінде дәрістер оқып, ғылыми баяндамалар жасады.
Марапаттары мен ғылыми атақтары: Ұлыбритания Корольдік қоғамының П. Капица атындағы сыйлығының лауреаты (1993), Қазақстан Республикасының «Құрмет» ордені (2012), Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы (2019), ҚР ҰҒА-ның Үлкен алтын медалі (2017), «Қазақстан жоғары мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атағы (2026). Жапония Ұлттық биомедициналық инновациялар институтының құрметті профессоры (2011), С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2003), «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2007), «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2014», «ҚР үздік ғылыми қызметкері» (2022), «Ы. Алтынсарин» (2021) төсбелгілерімен, сондай-ақ «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының ғылымы мен техникасын дамытуға зор үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияға екі рет ие болған.

