
ENU celebrated the 125th anniversary of the famous figure Smagul Saduakasuly










Еуразия ұлттық университетінде Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл толуына арналған «1925 жыл: ұлт мұраты шыңдаған қайратакер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға қатысушылар жиын басталмас бұрын «Жастар» шағын ауданындағы мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы және Кенесары жасақтары жерленген «Бабалар қорымында» болып, бабалар рухына құран бағыштады. Қайраткердің ескерткіші маңына шырша егіп, айналасын абаттандырды. Одан кейін, «Күлтегін» атриумында Смағұл Сәдуақасұлының және зерттеуші-ғалымдардың мемлекет қайраткері туралы жазылған кітап көрмесін тамашалады.
Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, көрнекті тарихшылар, ғалымдар, ЖОО басшылары, мұражай директорлары, мектеп, БАҚ, партия өкілдері және басқалар қатысты.
Пленарлық мәжілісті Еуразия ұлттық университетінің профессоры, академик Дихан Қамзабекұлы ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі және жиынды өзі жүргізіп отырды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Президент кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Омарұлы жеткізді.
«Құрметті қауым!
Сіздерді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл толуына арналған конференцияның ашылуымен құттықтаймын.
Смағұл Сәдуақасұлы халқымыздың біртуар перзенті, ол күрделі кезеңде маңызды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, көптеген игі бастамаларға ұйтқы болды.Тұғырлы тұлға сөз руханиятын өркендетуге зор еңбек сіңірді.Тұңғыш қазақ драма театрының ашылуына, қазақ педагогикалық институтының іргелі оқу орнына айналуына ықпал етті. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан», «Ақиқат» сынды бірқатар басылымның тарихи бастауында тұрды.Қазақ баспасөзін дамытуға белсене атсалысты.Халқымыз Смағұл Сәдуақасұлының есімін ешқашан ұмытпайды, оның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі.
Бүгінгі алқалы жиында арда азаматтың халқына сіңірген еңбегіне және шығармашылығына қатысты тың ойлар мен салмақты пікірлер айтылады деп сенемін.Конференция жұмысы табысты болсын.Қазақстан Республикасыныың Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Содан кейін ҚР мемлекет және қоғам қайраткерлері Ерболат Саурықов пен Қазыбек Иса құттықтау сөз сөйлеп, пленарлық мәжіліс одан әрі жалғасты. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Қабылдинов, «Смағұл Сәдуақасұлының мемлекеттік құрылыс және тарихтану туралы ұстанымы»; «Қаһармандар» РҚҚ президенті, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Сабыр Қасымов «С.Сәдуақасұлы азаматтық ерлігі және тұлға тағылымы»; Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай «Смағұл Сәдуақасұлы және кеңестік ұлт саясаты»; филология ғылымдарының докторы, профессор, Ақмола облысының құрметті азаматы Серік Негимов «Смағұл Сәдуақасұлы «Сәрсенбек» романының ұлттық-идеологиялық қуаты» тақырыбында баяндама жасады.
Конференцияға қатысушылар арнайы қарар қабылдап, жоғары деңгейдегі ғылыми басқосудың өрелі мақсатқа қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ шара аясында академик Дихан Қамзабекұлының «Смағұл Сәдуақасұлы. Қайраткер қағидаты» атты кітабы таратылды.
Түс қайта Мәскеуде 77 жыл сақталған С.Сәдуақасұлының күлі салынған гранит сандықты Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне тапсыру рәсімі болып, Астана қаласындағы №78 Смағұл Сәдуақасұлы атындағы мектеп-гимназияда кездесу өтті.
