
ЕҰУ-да португал ақыны Луиш де Камоэнстің 500 жылдығына арналған мерейтойлық шара өтті













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қабырғасында португал әдебиетінің ең ірі өкілі, әлем әдебиетінің мойындалған жауһары – ұлттық эпикалық поэма «Лузиадалар» авторы, қазіргі португал тілінің негізін қалаушылардың бірі Луиш де Камоэнстің туғанына 500 жыл толуына арналған көрме ашылды.
Салтанатты іс-шараға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Португалияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жозе Атаиде Амарал, Испанияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Луиш Франсиско Мартинеш Монтеш, Германияның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Ульрих Кинне, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Құдайберген Базарбаев, тағы басқа Астана қаласының Дипломатиялық корпусы өкілдері, университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында ЕҰУ әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы сөз сөйлеп, көрнекті ақын Луиш де Камоэнстің өмірі мен шығармашылығы, оның әлем әдебиетіндегі орны, сондай-ақ португал мәдениеті мен тілінің дамуына қосқан үлесі туралы айтып берді.
«Луиш де Камоэнс – тек португал халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналған ұлы тұлға. Оның шығармалары батылдықты, отансүйгіштікті және адамгершілік құндылықтарды дәріптейді», - деді проректор.
Көрме аясында Луиш де Камоэнстің ең танымал туындысы — «Лузиадалар» поэмасының тарихи және көркемдік маңызына ерекше назар аударылды. Қатысушылар XVI ғасырдағы Қайта өрлеу дәуіріндегі португал әдебиетінің ерекшеліктері туралы пікір алмасып, ақын мұрасының бүгінгі күнге дейінгі өзектілігін атап өтті.
Көрменің ашылу салтанаты барысында Португалияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жозе Атаиде Амарал арнайы баяндама жасап, Луиш де Камоэнс мұрасының әлем мәдениетіндегі маңызына тоқталды:
«Бүгінгі мерейтойлық көрме Қазақстан мен Португалия арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін. Тірі кезінде ол өзіне көрсетілген әділетсіздік пен шығармашылығына берілген мардымсыз назар туралы жиі шағымданған. Алайда көп ұзамай оның поэзиясы Еуропа әдебиетінің жетекші өкілдері тарапынан жоғары бағаланып, оқырмандар мен өнер сүйер қауымның қызығушылығын арттырды және әртүрлі елдердегі ақындар буынының шығармашылығына зор ықпал етті»,- деді дипломат.
Мәдени-танымдық басқосу екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтып, студент жастардың әлем әдебиетіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталды. Ұйымдастырушылар мұндай халықаралық сипаттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Шара соңында қатысушылар арнайы қойылған мерейтойлық көрме жұмысымен етене танысып, пікір алмасты. Кездесу рухани диалог алаңына айналып, Қазақстан мен Португалия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың жаңа белесін көрсетті.
