
ЕҰУ-да Мырзагелді Кемелдің мұрасына арналған зияткерлік турнир өтті















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 30 жылдық мерейтойы аясында білім алушыларға арналған «Мырзагелді Кемел тағылымы: Ой, өріс, өркениет» атты зияткерлік сайыс ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – интеллектуалдық-танымдық ойын форматында студенттердің рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру, сыни және философиялық ойлау қабілеттерін дамыту, көшбасшылық қасиеттері мен ой мәдениетін жетілдіру.
Сайыс мазмұны мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзагелді Кемел еңбектеріне негізделді. Атап айтқанда, оның «Абзалдық әліппесі» және «Ойшыл» кітаптарындағы тағылымды ойлар мен ғалымның еңбек жолы арқау болды.
Зияткерлік дода университеттің барлық факультеттері мен жоғары мектептерінің 1–3 курс білім алушылары арасында командалық форматта өтті. Әр команда екі -үш студенттен жасақталды. Сонымен қатар әртүрлі курс студенттерінен құралған аралас командалар да қатысып, білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен «Қаржыгер» І орын, «Өркениет парасаты» ІІ орын, «Ой кемелдері» мен «Самға» командалары ІІІ орын алып, университет және ғалымның отбасы атынан арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шараға арнайы қонақ ретінде Мырзагелді Кемелдің жары Зиба апай мен ұлы Бақытжан Мырзагелдіұлы қатысып, қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Сонымен қатар университет басшылығы тарапынан қолдау көрсетілді. Қауымдастырылған профессор Жанна Нұрманова, Экономика және туризм Жоғары мектебі «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі Еркежан Молдакенова, профессор Бауыржан Толысбаев сөз сөйлеп, мұндай іс-шаралардың жастардың зияткерлік әрі тұлғалық дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
«Бұл зияткерлік сайысты ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – студенттердің тек білімін сынау емес, олардың ойлау мәдениетін, рухани ұстанымдарын және тұлғалық қасиеттерін дамыту. Мырзагелді Кемелдің тағылымды еңбектері – жас ұрпақ үшін құндылықтар мектебі. Осындай мазмұнды шаралар арқылы біз білім алушылардың сыни ойлауын шыңдап, көшбасшылық қабілеттерін арттыруды көздейміз», – деп атап өтті «Менеджмент» кафедрасының меңгерушісі Еркежан Молдакенова.
Қорыта айтқанда, жоғары деңгейде өткен зияткерлік сайыс студенттердің танымдық белсенділігін арттыруға, рухани құндылықтарға қызығушылығын күшейтуге және олардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға оң әсерін тигізді.
