
Әртүрлі елдердің сарапшылары ЕҰУ-да өткен форумда педагогикалық білім берудің болашағын талқылады













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Педагогикалық кадрларды даярлаудағы заманауи тәсілдеме: ғылым және практика» атты халықаралық ғылыми-практикалық форум өтті.
Форумды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және серіктес жоғары оқу орындары - М. Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті (БГПУ, Ресей Федерациясы) және Ресей халықтар достастығы университеті (РУДН, Ресей Федерациясы) бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – педагог кадрларды даярлаудың заманауи ғылыми-әдіснамалық негіздерін талдау, педагогикалық білім берудегі инновациялық тәсілдер мен тиімді тәжірибелерді айқындау, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру. Шараға отандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер, тәжірибелі педагогтер мен студенттер қатысты.
Форумның ашылуында ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай сөз сөйлеп, педагог кадрларды даярлау сапасын арттырудың маңыздылығына тоқталды.
«Қоғамның қарқынды дамуы мен технологиялардың ілгерілеуі өскелең ұрпақты тәрбиелеу үдерісін күрделендіре түсуде. Осыған байланысты педагог кадрларды сапалы даярлау бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Болашақ мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда психологиялық дайындық, әдістемелік шеберлік, коммуникативтік дағдылар мен цифрлық құзыреттілік маңызды рөл атқарады.
Биыл университетіміз 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт аралығында оқу орны бәсекеге қабілетті педагог мамандарды даярлап, білім беру сапасын дамытуға елеулі үлес қосты.
Сонымен қатар 2025 жылы ҰБТ нәтижелері бойынша 100–139 балл аралығында жоғары көрсеткішке қол жеткізген 3500-ден астам талапкер Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсті. Шектік баллдың 100 ұпайдан басталуы – білім бәйгесінде озық шыққан дарынды жастардың университетімізді таңдағанының айқын дәлелі», - деді проректор.
Жиын барысында педагогикалық білім мен ғылымның жаһандық трендтері, білім беру жүйесіндегі жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың рөлі, педагог кадрларды инклюзивті білім беруге даярлаудың халықаралық тәжірибесі, сондай-ақ заманауи педагогтің кәсіби дамуындағы құндылықтық тәсілдемелер жан-жақты талқыланды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар бірқатар нақты ұсыныстар қабылдады. Олар кәсіби білім беру жүйесінде құндылыққа негізделген педагогика мен ұлттық даму стратегиясының өзара байланысын күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, заманауи педагогтерді даярлауда жаһандық білім беру үрдістерін басшылыққа алу маңызды екені айтылды.
Қатысушылар жасанды интеллектіні дамыту, инклюзивті білім беру ортасын жетілдіру және кәсіби дағдыларды арттыруға бағытталған ғылыми зерттеулерді жалғастыру қажет деген пікір білдірді.
Бұдан бөлек, білім беру саласында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту, сондай-ақ инклюзивті білім берудің халықаралық озық әдістерін болашақ педагогтерді даярлау үдерісіне енгізу ұсынылды.
