
ЕҰУ-да Лу Бань шеберханасында жасанды интеллект бойынша пилоттық курсқа қатысушыларға сертификат табысталды















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасы базасында жасанды интеллект бойынша алғашқы пилоттық курсты сәтті аяқтаған қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мамандарына сертификат табыстау рәсімі өтті.
Оқу бағдарламасына еліміздің 10 жетекші жоғары оқу орнынан 30-ға жуық оқытушы қатысты. Курс жасанды интеллектті оқытуға арналған онлайн-модульді және үш күндік тәжірибелік интенсивті қамтыды. Қатысушылар заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді меңгеріп, өз университеттерінің білім беру бағдарламаларына ЖИ технологияларын енгізуге арналған практикалық шешімдер әзірледі.
Жоба Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып, жоғары білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі стратегиялық бағытты қолдайды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған озық технологиялар саласындағы оқытушылардың құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.
Іс-шараға ЕҰУ басқарма мүшесі – Цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманова, Цифрлық даму департаментінің өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы және қазақстандық ЖОО мамандары қатысты.
«Жаһандық цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде заман ағымынан қалыс қалмай, жоғары білім беру саласында цифрлық құралдарды барынша тиімді қолдану маңызды. Университеттер еліміздің цифрлық трансформациясының алдыңғы қатарында тұр. Сондықтан оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі де аса өзекті. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ЖИ мамандары өткізген пилоттық курс цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға серпін беріп, жоғары білім жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтады және ел мүддесіне қызмет ететін интеллектуалды технологияларды дамытуға қабілетті мамандар даярлауға үлес қосады деп сенемін», - деді Гүлмира Бекманова.
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Райхан Мұратханұлы курстан алған әсерімен бөлісті:
«Теориялық білімді біз Еуразия ұлттық университетінің жаппай онлайн-платформасында алдық. Бұл бізге жасанды интеллект негіздеріне терең бойлап, заманауи алгоритмдердің жұмыс қағидаларын түсінуге мүмкіндік берді. Курстың қорытынды кезеңінде Лу Бань шеберханасында тәжірибелік дайындықтан өтіп, алған білімімізді нақты құрал-жабдықтарда қолдандық. Әсіресе робототехникалық шешімдерді пайдалана отырып, қалдықтарды сұрыптау бағытындағы зерттеулер қызықтырды. Бұл – ЖИ технологияларының нақты экологиялық мәселелерді шешудегі жарқын мысалы. Жобаға тек оқытушылар ғана емес, студенттердің де тартылғаны қуантады. Мұндай ынтымақтастық шынайы зерттеу ортасын қалыптастырып, осындай жобаларды өз университеттерімізде енгізуге шабыт береді», - деді спикер.
Қатысушыларға біліктілікті арттыру сертификаттары табысталды. Бұл құжаттар олардың жасанды интеллектті оқу үдерісі мен еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру жобаларына енгізуге дайын екенін растайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай курстар алдағы уақытта өз жалғасын тауып, қатысушылар саны арта түспек.
