
ЕҰУ-да «Үздік тәжірибе базасы – 2026» мерейтойлық бейнебайқауының қорытындысы шығарылды















Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЖОО-ның 30 жылдық мерейтойы аясында Академиялық мәселелер департаментінің Мансап және бизнес-серіктестік бөлімі ұйымдастырған «Үздік тәжірибе базасы – 2026» бейнебайқауы жеңімпаздарын марапаттау салтанатты рәсімі өтті.
Байқау университет пен жұмыс берушілер арасындағы серіктестікті нығайтуға және студенттердің кәсіби даярлығын ұйымдастырудың озық тәжірибелерін көрсетуге арналған маңызды алаңға айналды. Негізгі мақсаты – тәжірибенің жоғары деңгейде өтуін көрсететін сапалы бейнематериалдарды анықтау, табысты тәжірибемен алмасу, сондай-ақ кафедралар мен тәжірибе базалары арасындағы ынтымақтастықты дамыту. Студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және әлеуетті жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Салтанатты рәсімді байқау комиссиясының төрағасы, ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай ашты.
«Терең академиялық білім қолданбалы дағдылармен және нақты кәсіби даярлықпен табиғи түрде ұштасуы тиіс. Сондықтан біз студенттерге іргелі ғылыми негіз беріп қана қоймай, олардың мамандыққа сенімді қадам жасауына жағдай жасауға ұмтыламыз. Өндірістік және кәсіби тәжірибе – осы стратегияның маңызды құрамдас бөлігі, білімді тәжірибеге, ал тәжірибені құзыреттілікке айналдырады.
Бүгінгі «Үздік практика базасы» іс-шарасы – университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара сенім мен тиімді серіктестіктің нәтижесі. Практика базалары – біздің студенттеріміздің кәсіби қалыптасу алаңы, олардың алғашқы еңбек мектебі. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында жастарымыз өз саласының қыр-сырын меңгеріп, нағыз бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуда.Біз алдағы уақытта да академиялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыруды жалғастырып, дуальды оқыту элементтерін дамытып, серіктестік аясын кеңейтеміз деп сенемін», – деді Ардақ Бейсенбай.
Қатысушыларға сондай-ақ Aiplus оқу орталығының рекрутмент бөлімінің басшысы Виолетта Ким, Samruk Business Academy жанындағы QSamruk.kz жобасының жетекшісі Самал Наурызова және Romantic гүл орталығының бас директоры Гүлзат Избасарова құттықтау сөз сөйлеп, болашақ мамандарды даярлаудағы ЕҰУ-дың жүйелі жұмысының маңызын атап өтті.
Байқау үш кезең бойынша өтті. Оған 30 тәжірибе базасы қатысты. Іріктеу нәтижесінде дипломдар мен арнайы номинацияларға ие болған 13 үздік ұйым анықталды.
Бейнебайқаудың Гран-при жүлдесін BI Group компаниясының «Modex» зауыты иеленді.
I дәрежелі диплом Астана қаласындағы №3 мектеп-гимназиясына және Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық даярлық орталығына табысталды.
II дәрежелі дипломға Акселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейі, «Gala Global Group» ЖШС және Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы ие болды.
III дәрежелі дипломдар Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейіне, «Үміт» халықаралық онкологиялық томотерапия орталығына және Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Астана қаласы Полиция департаментіне берілді.
Байқау аясында арнайы номинациялар да табысталды. Марапатталғандар қатарында: Әлихан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі («Білім шырақшысы»), Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі («Ұлттық мұра сақшылары»), Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі жанындағы Мәдениет орталығы («Мәдение таралық диалог елшісі»), сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы («Қаржылық бақылау көшбасшысы») бар.
Мерейтойлық байқау Үздік тәжірибе – оқу үдерісінің міндетті кезеңі ғана емес, сұранысқа ие әрі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың стратегиялық құралы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
