
ЕҰУ төрінде төрт кітаптың таныстырылымы өтті









Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңінде» атты маңызды іс-шара өтті.
Оған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, ғылыми-зерттеу институттары мен музей өкілдері, тарихшы-ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты. Бұл басқосу ғылыми қауымдастық пен жас буын арасындағы рухани сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ЕҰУ, Тарихшылардың ұлттық конгресі ұйымдастырған шара барысында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Адамзаттың Абайы», «Абай ғибраты» және «Ұлт тарихындағы тұлғалар» атты төрт бірдей кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды.
Аталған еңбектер мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ұлттық идеология саласындағы стратегиялық бастамаларды қолдау мақсатында әзірленген. Кітаптардың бас редакторы – ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, университет ректоры Ерлан Сыдықов.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты алғашқы кітап Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы аттас мақаласы негізінде дайындалған. Ғылыми-танымдық жинаққа соңғы бес жыл ішінде мерзімді басылымдарда жарық көрген, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму тарихына арналған мазмұнды мақалалар топтастырылған.
Еңбекте мемлекет тәуелсіздігінің құндылықтары, оны нығайту жолындағы жетістіктер мен сын-қатерлер жан-жақты сараланған. Бұл кітап – егемендіктің мәнін терең түсінуге бағытталған салмақты ғылыми еңбек.
«Адамзаттың Абайы» атты екінші кітап қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған мақалалар жинағын қамтиды. Онда ғалымдардың зерттеу еңбектері, ақын-жазушылардың пайымдаулары, белгілі абайтанушылармен сұхбаттар және тарихи-деректі материалдар енгізілген.
Ал «Абай ғибраты» атты үшінші кітап ұлы ақынның 180 жылдығына орай жарық көрген ғылыми және мерзімді басылымдардағы мақалаларды біріктіреді. Бұл жинақта абайтанушылар мен қаламгерлердің терең талдаулары ұсынылып, хакім мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы айқындалған. Аталған екі еңбек ұлттық зерттеулер, персонология және әдебиеттану саласындағы мамандарға, жоғары оқу орындарының білім алушыларына және жалпы оқырман қауымға арналған.
«Ұлт тарихындағы тұлғалар» атты төртінші кітапта Ұлы далада өмір сүріп, ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті қайраткерлер туралы материалдар жинақталған. Ғылыми еңбекте олардың қоғамдық-саяси қызметі, мемлекет қалыптастыру жолындағы еңбегі мен ғылыми мұралары жан-жақты қарастырылған. Бұл жинақ – қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалардың өнегелі өмір жолын танытатын құнды зерттеу.
Еуразия ұлттық университетінде өткен төрт кітаптың тұсаукесері – ұлттық сананы нығайтуға, тарихи жадыны жаңғыртуға және жас ұрпақтың елдік құндылықтарға деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Ғылыми негізде дайындалған бұл еңбектер тәуелсіздік идеясының, Абай мұрасының және ұлт тарихындағы тұлғалардың тағылымын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік береді.
