
ЕҰУ-да 8 наурыз мерекесіне арналған салтанатты шара өтті













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты мерекелік шара өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне орай ұйымдастырылған кеш университеттің ұстаздарына, қызметкерлеріне және білім алушы аруларға арналды.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов аналар мен аруларды көктем мерекесімен құттықтап, олардың қоғамдағы, сондай-ақ білім мен ғылым саласындағы маңызды рөлін атап өтті.
«8 наурыз – көктемнің жарқын мерекесі, мейірім мен ізгіліктің символы. Барша аналар мен аруларды осы көктем мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен береке, шығармашылық табыс тілеймін. Университетімізде еңбек етіп жүрген нәзік жандылар білім мен ғылымның дамуына, жастарды тәрбиелеуге, қоғамның өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Сіздерге деген алғыс пен құрметті сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сондықтан оны ән арқылы жеткізіп көрейік», – деді ректор.
Ректордың ұсынысымен университеттің ер азаматтары ақын Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін бірге орындап, аналар мен аруларға ерекше құрмет көрсетті.
Мерекелік кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері Ұлықпан Жолдасов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Досымжан Таңатаров сахна төрінде өнер көрсетіп, кештің сәнін келтірді.
Сонымен қатар университеттің шығармашылық ұжымдары да мерекелік бағдарламаға белсене қатысты. «E Studio» вокалдық ұжымы, мәдениет саласының үздігі Төлеген Ғабдрахман, университеттік «Жайдарман» ойындарының үздіктері - «ЖЭНУ» командасы және университет түлектерінен құралған «TYNDA» тобы өз өнерлерін ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара соңында қатысушылар барша аналар мен аруларға мерекелік тілектерін білдіріп, көктем мерекесімен құттықтады.
