
ЕҰУ профессоры Дина Сатыбалдина академик Н. Базанова атындағы беделді марапатқа ие болды



Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ақпараттық қауіпсіздік және криптология ғылыми-зерттеу институтының жетекшісі, қауымдастырылған профессор Дина Сатыбалдина Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Найля Базанова атындағы марапатқа ие болды. Бұл марапат Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы тарапынан тағайындалып, ғылымдағы үздік жетістіктері үшін отандық әйел-ғалымдарға беріледі.
Биыл бұл марапатқа Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан және әртүрлі ғылыми бағыттарда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген 66 жетекші әйел-ғалым мен ғылыми қызметкер ие болды.
Академик Найля Оразғұлқызы Базанова – көрнекті қазақстандық физиолог-ғалым, Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы әйел-академик. Ол биология ғылымындағы жаңа бағыт – ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы болып саналады. Сонымен қатар Базанова қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы биология ғылымдарының докторы, профессор және Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі болды.
Оның атымен аталған марапат – ғылымда жоғары нәтижелерге қол жеткізген, маңызды жаңалықтар ашқан немесе қолданбалы зерттеулердің дамуына елеулі үлес қосқан әйел-ғалымдардың еңбегін мойындаудың белгісі. Бұл марапатты тағайындау отандық ғылымдағы әйелдердің жетістіктерін кеңінен насихаттауға, сондай-ақ жас зерттеушілерді қолдауға және ынталандыруға бағытталған.
Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев атап өткендей, Қазақстанда ғылыми зерттеулермен айналысатын әйелдердің саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде олардың үлесі барлық ғылыми қызметкерлердің шамамен 56%-ын құрайды, яғни 12 893 адам. Олардың ішінде 898 ғылым докторы, 2 859 ғылым кандидаты, 2 229 PhD докторы және 185 бейіні бойынша доктор бар.
Бұл марапат қазақстандық әйелдердің ғылымдағы жоғары жетістіктерінің және олардың отандық ғылымды дамытудағы маңызды рөлінің тағы бір дәлелі болды.
