
ЕҰУ мен Нанкин аудит университеті ынтымақтастықтың нақты қадамдарын талқылады







Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Нанкин аудит университеті кәсіби кадрларды даярлау және бірлескен ғылыми әріптестікті дамыту бағытындағы ынтымақтастықтың нақты қадамдарын талқылады.
ЕҰУ-да өткен кездесуге Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов, NAU Халықаралық мектебі партия комитетінің хатшысы Чжан Цзиньцзинь, Халықаралық ынтымақтастық және алмасу кеңсесінің бөлім басшысы Чэнь Сяоси және екі тараптың басқа да өкілдері қатысты.
Қонақтарды қарсы алған Думан Айтмағамбетов ЕҰУ мен Нанкин аудит университеті 2021 жылы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғанын атап өтті. Сондай-ақ проректор Нанкин аудит университетімен бірлескен білім беру орталығын құру, әрі Экономика және туризм жоғары мектебі базасында ортақ зертхана ашу мүмкіндігінің болашағы зор екенін айтты.
– Біз Нанкин аудит университетінің Қытайда және халықаралық академиялық ортада жоғары беделге ие екенін білеміз. Университет аудит саласындағы мамандарды даярлайтын жетекші орталықтардың бірі және осы халықаралық бағдарламаның Қытайдағы жалғыз серіктес университеті ретінде танылған. Еуразия ұлттық университеті Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Біздің серіктестігіміз академиялық алмасуды, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулерді дамытуға, сондай-ақ жаһандық экономика жағдайында сұранысқа ие жоғары білікті мамандарды даярлауға ықпал етеді деп сенемін, - деді проректор.
Халықаралық ынтымақтастық және алмасу кеңсесінің бөлім басшысы Чэнь Сяоси делегация сапарының негізгі мақсаты екі университет арасындағы ынтымақтастық меморандумын жүзеге асырудың келесі қадамдарын талқылау екенін атап өтті.
– Ең алдымен, Еуразия ұлттық университетінің басшылығына жылы қабылдауы және өзара әрекеттесу болашағын талқылауға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтқым келеді. ЕҰУ – Қазақстандағы жетекші университеттердің бірі әрі академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы маңызды серіктес. Бізде Еуразия ұлттық университетінің Экономика және туризм жоғары мектебімен тәжірибе алмасу және бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ аудит саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытамыз және Қазақстан мен Қытай арасындағы аудиторлық қызметті дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларға қатысуға дайынбыз. Бұдан бөлек, ЕҰУ-мен бірге аудиторларды даярлау бойынша бірлескен білім беру бағдарламасын ашқымыз келеді. Университеттің заң факультетімен де бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге қызығушылық бар, - деді Чэнь Сяоси.
Кездесу барысында тараптар академиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, соның ішінде бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, ғылыми зерттеулер жүргізуді, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамытуды, сондай-ақ ортақ ғылыми-білім беру алаңдарын құру мәселелерін талқылады.
Екі университеттің өкілдері серіктестікті одан әрі нығайтуға және жоғары білікті мамандар даярлауды дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми өзара әрекеттестікті тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екендерін білдірді.
