
ЕҰУ-да «Киелі өлкенің өшпес мұрасы» атты музыкалық кеш өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Киелі өлкенің өшпес мұрасы» атты музыкалық кеш өтті. Іс-шараға университеттің «Дала сазы» ұлттық аспаптар оркестрі мен С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Шабыт» ұлттық аспаптар ансамблі қатысты.
Кештің басты мақсаты – қазақ халқының бай музыкалық мұрасын дәріптеу, ұлттық өнерді жастар арасында насихаттау және екі жоғары оқу орны арасындағы мәдени байланыстарды нығайту.
Бағдарлама барысында қазақтың дәстүрлі музыкасы орындалып, ұлттық өнердің тереңдігі мен көркемдігі көрерменге кеңінен таныстырылды. Кеште Рүстем Бейсенұлының «Есіл күн», Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек», Сүгір Әліұлының «Ыңғай төк», Ержан Тоқсабановтың «Жауға», Ардақ Тәңірбергеновтің «Аңшы», Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлері, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың әндері орындалды.
Айта кетейік, «Дала сазы» оркестрі 2009 жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында өнер көрсетіп келеді. Бүгінде ұжым құрамында 40-тан астам студент ұлттық музыканы дәріптеп, дәстүрлі күйлерді заманауи үнмен ұштастырып келеді.
Ал «Шабыт» ұлттық аспаптар ансамблінің тарихы 1959 жылдан бастау алады. Сол жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде домбырашылар ансамблі құрылып, ұлттық өнердің дамуына негіз қаланды. Қазіргі таңда ансамбль құрамында 30-ға жуық талантты студент өнер көрсетіп, қазақтың дәстүрлі музыкасын кеңінен насихаттап келеді.
