
ЕҰУ-да «Көңілді старт - 2026» отбасылық эстафетасы өтті













Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Білім жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Көңілді старт – 2026» отбасылық эстафетасы өтті. Іс-шара Наурызнама онкүндігі аясында 17 наурыз – Шаңырақ күніне орай ұйымдастырылды.
Эстафетаның негізгі мақсаты - отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасылар арасындағы бірлікті нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және спорт арқылы өзара ынтымақтастықты дамыту. Жарысқа 35 жасқа дейінгі жас отбасылардан құралған командалар қатысты. Төрт кезеңнен құралған эстафета барысында қатысушылар дартс, жүгіру, секіру және асық ату сайыстарында бақ сынады.
ЕҰУ Білім жоғары мектебінің директоры Баубек Сомжүрек шараның маңыздылығына тоқталды.
«Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылған бұл тағылымды шара жас отбасылардың ұйымшылдығы мен шапшаңдығын ғана емес, өзара түсіністігі мен татулығын да айқындайды. Отбасы – шағын мемлекет десек, оның беріктігі ең алдымен сыйластық пен ынтымаққа байланысты. Осындай игі бастамалар арқылы біз қоғамдағы отбасы институтының маңызын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Әріптестеріміздің отбасыларымен бірге белсенді қатысып жатқанын көру - біз үшін үлкен қуаныш. Бұл - университет ұжымының бірлігін, ортақ құндылықтарға деген құрметін көрсетеді. Алдағы уақытта да мұндай мәні зор іс-шаралар өз жалғасын табады деп сенеміз»,- деді ол.
Комиссия құрамында: Самат Ибраев - «Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы, Нұржан Садырбаев – Астана қаласы мәслихатының депутаты, Әселім Әбілдинова - ақпарат саласының үздігі, Сауда және интеграция министрінің кеңесшісі, Күзембай Бекдайыр - «Әкелер одағы» РҚБ Астана қаласы филиалының төрағасы, Мадина Бектұрғанова - «Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті, Клара Өмірзақова - «Di Medical» медициналық орталығы ЖШС директоры және Баубек Сомжүрек – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Білім жоғары мектебінің директоры болды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды:
І орын - 200 000 теңге:
Ғаби Ахназаров - Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының кино, бейне және дыбыс құралдарымен қызмет көрсету бөлімінің дыбыс режиссері;
Ұлжалғас Топбасы - Д. Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің мұғалімі.
ІІ орын - 150 000 теңге:
Виктор Григорьев – жүргізуші;
Анастасия Григорьева - тәрбиеші.
ІІІ орын - 100 000 теңге:
Сырым Мұханбетжанов - банк саласының қызметкері;
Анара Мұханбетжанова декреттік демалыста.
Сонымен қатар, белсенді қатысқан 12 отбасыға 20 000 теңгелік сертификаттар табысталды.
