
ЕҰУ-да «ENU AI-Sana EXPO – 2.0» студенттік инновациялық IT-жобалар көрмесі өтті

















AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы мен Digital Nauryz тұжырымдамасы аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «ENU AI-Sana EXPO – 2.0» атты студенттердің инновациялық IT-жобаларының екінші республикалық көрмесі өтті. Көрме барысында Қазақстан жоғары оқу орындарының студенттері денсаулық сақтау, білім беру, инклюзивті орта, мәдениет, экология, социология және робототехника салаларында 30-дан астам цифрлық шешімдерін ұсынды.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы бас директорының бірінші орынбасары Арай Уразова, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ЕҰУ-дың цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова, сондай-ақ ғалымдар мен студенттер қатысты.
«Мемлекет басшысының стратегиялық мақсаттарының бірі - Қазақстанды цифрлық трансформациялау. Оны жүзеге асыру жоғары білікті мамандарсыз мүмкін емес, ал оларды университеттер дайындайды. Осыған байланысты жастардың жасанды интеллект технологияларына қызығушылығын арттыру ерекше маңызды. Бұл көрме білім беру саласындағы цифрлық шешімдерді дамытуға және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Вице-министр Динара Щеглова құттықтау сөзінде өткен жылғы ENU AI-Sana EXPO көрмесіндегі көптеген жобалар үкіметтік және халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, бүгінде табыс әкеліп отырғанын айтты.
«Сіздер жобаларды тек университет үшін ғана емес, экономиканың түрлі салалары үшін жүзеге асырып, олардың дамуына үлес қосып отырсыздар. Бұл – ел болашағына қосқан үлестеріңіз. Бүгін бұл стартаптар болуы мүмкін, бірақ дәл осылай ірі жобалар пайда болып, кейін трансұлттық компанияларға айналады. Google мен Duolingo да осылай пайда болған. Сіздерге инновациялық әрі креативті идеялар тілеймін», - деді ол студенттерге.
Көрмеде Еуразия ұлттық университеті, Тұран-Астана университеті, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті студенттерінің жобалары ұсынылды.
Көрме қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік жобаларды анықтап, олардың авторларын Lenovo және Platonus компанияларының дипломдары және бағалы сыйлықтарымен марапаттады.
Үздік жобалардың бірі – ЕҰУ студенттері Арман Ляйлиев пен Жания Жұмал әзірлеген жоба болды. Олар компьютерлік көру технологиясы арқылы қоқыс ағынындағы пластик заттарды анықтайтын жүйе жасап шығарды. Модель камерадан алынған бейнелерді талдап, нақты уақыт режимінде пластиктің бар-жоғын анықтайды және RIC жүйесі бойынша сұрыптауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Ернұр Жолаушының жасанды интеллект негізінде қазақ тіліндегі қолжазба мәтінді тану жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Автордың айтуынша, жоба аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі қолжазбаларды жоғары дәлдікпен танитын веб-сервис әзірленген.
Бірінші орын алған жобалар:
«Қоқыстан пластикті анықтайтын Luban робот-манипуляторы» - Арман Ляйлиев, Жания Жұмал;
«Көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған навигациялық көмекші» - Аружан Тәжібай;
«SUNKAR AI» – құрылғылар мен дрондарды дәл нысана анықтау жүйесіне айналдыратын платформа - Болат Абдулазиз;
«RUNA Sozdik AI» - Аманжол Аскаров, Дана Бақытқан.
Екінші орын алған жобалар:
«Қолжетімсіз жерлерде өндірістік дәнекерлеу» - Асхат Әбдімуталип, Олжас Еркінұлы;
«Өсімдік өскіндерінің сапасын ақылды талдау және бақылау» - Ерасыл Төреғали, Михаил Мейрманов, Нұрлан Ерназар;
«Инклюзивті ортада қауіпсіздік бұзушылықтарын анықтайтын интеллектуалды жүйе» - Гүлназ Надирхан, Ақназар Бекбау;
«AdaptiveHand» - қол қимылы арқылы компьютерді басқару жүйесі – Нұрлы Галима;
«LibAU AI Assistant» - ғылыми кітапхана қызметін жаңғыртуға арналған веб-қосымша – Ришат Рашитов;
«Elib» электронды кітапханасы - Ерасыл Бақытжанұлы;
«KUtrack» жобаларды басқару платформасы - Елнұр Аяған;
«Интеллектуалды бейнебақылау жүйесі» - Аяулым Мұрат, Али Таберхан;
«Жалған жаңалықтарды анықтау жүйесі» - Ақсәуле Назымхан.
Үшінші орын алған жобалар:
Домбыра әуендерін AI арқылы музыкалық транскрипциялау - Алибий Қабиден;
Қазақ тіліндегі қолжазбаны тану жүйесі - Ернұр Жолаушы;
«DETECT AI» дәлелдерді талдау жүйесі - Жанель Байғанина;
Дебаттар мен сот отырыстарын талдайтын AI-агент - Назгүл Доспол;
«FinAIMen» студенттің қаржылық тұрақтылығына арналған AI-навигация - Лейла Бельгибаева және т.б.;
Пневмонияны анықтайтын интеллектуалды жүйе - Елдар Сағындықов;
«Ақылды үй» жүйесі - Ақлима Мейрамбек;
Ым-ишара тілін тану жүйесі - Жамал Газиз;
«Қазпошта» хаттарын сұрыптау - Райымбек Әбілқайыр, Нұрлан Тайшыбаев;
Автосалаға арналған алюминийді лазерлік кесу - Берік Қанатбек, Ерасыл Таубеков.
Арнайы номинациялар:
«Тау-кен өнеркәсібіне арналған үздік жоба» - пайдалы қазбаларды сұрыптайтын робот жүйесі;
«Үздік экологиялық жоба» - электронды қалдықтарды автоматты сұрыптау;
«Сапа бойынша үздік жоба» - сандық таңбаларды тану арқылы сапаны бақылау жүйесі.
Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
