
Белгілі режиссер Гүлсина Мерғалиева ЕҰУ студенттерімен жүздесті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Гүлсина Мерғалиевамен кездесу өтті.
Шара университеттің «Шаңырақ» театры сахналаған М. Шахановтың «Танакөз» қойылымымен ашылды. Гүлсина Мерғалиева студенттердің өнеріне жоғары баға беріп, өз әсерімен бөлісті:
«Сахна – киелі жер. Еуразия ұлттық университеті студенттерінің сахнадағы өнері, шырқаған әндері, өздерін еркін ұстауы мені таңғалдырды. Дарынды жастардың өнерге деген шынайы қызығушылығы мен талпынысы айқын сезіледі. Сахнадағы шынайы сезім, актерлік шеберлік пен үйлесімді қойылым көрермен жүрегіне жол тауып, ерекше ықыласқа бөленді. Осындай ізденісі мен таланты ұштасқан жастар барда қазақ театрының болашағы жарқын екеніне сенімім мол. «Шаңырақ» театрының жетістіктері – соның айқын дәлелі», – деді ол.
Кездесу барысында режиссер студенттермен еркін форматта сұхбат құрып, шығармашылық жолы, режиссурадағы ізденістері мен театр өнерінің қыр-сыры туралы ой бөлісті. Сондай-ақ ол «Шаңырақ» театрының студенттік деңгейден өсіп, «Халықтық театр» атағын иеленуі мен Ыстанбұлда өткен халықаралық байқауда Гран-при жүлдесін жеңіп алғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, «Шаңырақ» театрының режиссері Бағдат Әшімге алғысын білдірді.
Шара соңында Гүлсина Мерғалиеваның мәдениет пен өнер саласына қосқан елеулі үлесі атап өтіліп, оған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Гумилев» медалі табысталды.
