
ЕҰУ ғылым мен мемлекеттегі ЖИ рөлі туралы диалог алаңына айналды













Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жасанды интелект: Ғылымның дамуы мен мемлекеттік саясаттағы рөлі» тақырыбында халықаралық форум өтті. Ауқымды іс-шара Цифрландыру және жасанды интеллект жылына, сондай-ақ университеттің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Форумның негізгі мақсаты - жасанды интеллект технологияларының ғылымды дамытудағы, мемлекеттік саясатты жетілдірудегі және қоғамдық басқарудың жаңа модельдерін қалыптастырудағы стратегиялық маңызын жан-жақты саралау.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі шетелдік сарапшылармен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік-саяси қайраткерлерімен бірлесіп өткізген форумды ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Шеглова құттықтау сөз сөйлеп ашты.
«Жасанды интеллектті тиімді пайдалану үшін ең алдымен сапалы адами капитал қалыптастыру қажет. Бұл бағытта білім беру жүйесін жаңғырту, цифрлық дағдыларды ерте жастан дамыту және ғылыми зерттеулерді қолдау аса маңызды. Сонымен қатар, мемлекеттік шешім қабылдау үдерістерінде деректерге сүйенген тәсілдерді енгізу басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттырады.
Өздеріңізге мәлім, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Жасанды интелект және цифрландыру жылы» деп жариялады.Бұл еліміздің технологиялық жаңғыру жолына нық қадам басқанымызды көрсететін маңызды шешім.Осы орайда біздің басты міндетіміз жасанды интелекті технологияларын отандық ғылыммен үйлестіре отырып, оны нақты нәтижеге бағыттау, яғни азаматтардың игілігіне қызмет ететін шешімдерді қалыптастыру.
Бүгінде мемлекет тарапынан ғылым мен инновацияны қолдауға назар аударылып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның жарқын мысалының бірі Президентіміз жариялаған АІ-сана бағдарламасы.Аталған жоба аясында жүздеген мың студентке ЖИ негіздерін меңгеруге, цифрлық дағдыларын арттыруға және заманауи технологияларды практикада қолдануға мүмкіндік жасалуда. Бұл бастама еліміздің адами капиталын күшейтіп, жаңа буын мамандарын даярлауға серпін береді» - деді вице-министр.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдері, Парламент депутаттары, «Аmanat» партиясының мүшелері, сондай-ақ Оңтүстік Калифорния, Амстердам, Мәскеу, Валенсия және Кардифф университеттерінің жетекші профессорлары, отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар жасанды интеллект технологияларын ұлттық стратегияларға енгізу, мемлекеттік шешім қабылдау үдерістерін оңтайландыру және деректерге негізделген басқару моделіне көшу мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар, жиында жасанды интеллект жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз ету, этикалық реттеу стандарттарын қалыптастыру және құқықтық негіздерін жетілдіру мәселелері көтерілді..
Жиын барысында AI governance мәселелері, жасанды интеллекттің қауіпсіздігі мен этикасы, сондай-ақ цифрлық трансформация жағдайындағы мемлекеттік басқарудың заманауи тәсілдері талқыланды.
Сондай-ақ, форумда ЕҰУ-дың цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова жасанды интеллектті дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, әр елдің тәжірибесін бөлісу ортақ сын-қатерлерді тиімді еңсеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай жасанды интеллекттің білім беру мен мемлекеттік басқарудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда жасанды интеллект технологиялары тек цифрлық құрал ғана емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын стратегиялық ресурсқа айналып отыр.
Сондай-ақ, ол жасанды интеллектті енгізу барысында ұлттық мүдде, қауіпсіздік және этика мәселелері басты назарда болуы керектігін жеткізді.
«Жасанды интелекті дәуірінде ғылым, білім және ұлттық даму мүддесі бұрынғыдан да тығыз байланысты бола түсті. Сондықтан бүгін университеттің стратегиялық даму ролі мен зияткерлік жауапкершілігі айрықша мәнге ие болып отыр.Қазіргі таңда академиялық білім жүйесі жаңа өзгерістерге бет бұрды.Технологиялар қаншалықты қуатты болса да оның құндылығыын айқындайтын адами капитал.Мұндай форумның Еуразия ұлттық университетінде өтуінің де себебі бар.Өйткені, университетте жаңа күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді ғылыми тұрғыдан көтере алатын зияткерлік орта қалыптасқанын көрсетеді. Осындай өзекті тақырыпты халықаралық деңгейге шығарып, ғылым мен мемлекеттік саясаттың түйіскен тұсын батыл және ашық түрде ұсыну университетіміздің ғылыми кемелдігін, профессор-оқытушылар құрамының жауапкершілігін және жаңа заманның сұранысыын сезіне алтын, түсіне алатын әлеуетін айқындайды», - деп атап өтті Директорлар кеңесінің төрағасы.
Сондай-ақ форумда Халықаралық сарапшылар қатарында Оңтүстік Калифорния университетінің профессоры Генри Дженкинс, Амстердам университетінің ЖИ саласындағы көрнекті профессоры Натали Хельбергер, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Наталья Клушина, Валенсия университетінің профессоры, Сантьяго-де-Компостела және Кардифф университеттерінің көрнекті зерттеушісі Эмилиано Трере онлайн форматта баяндама жасады.
Халықаралық сарапшы Генри Дженкинс жасанды интеллекттің қоғам мен медиа кеңістіктегі рөліне ерекше назар аударды.
«Жасанды интеллект тек технологиялық құрал ғана емес, ол ақпарат өндіру, кино жасау, тарату және тұтыну мәдениетін түбегейлі өзгертіп жатыр. Сондықтан мемлекеттер мен академиялық қауымдастықтар бұл үдерісті бірлесе отырып зерттеп, оның ықпалын дұрыс басқаруы қажет. Әсіресе, медиа сауаттылықты арттыру мен алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету - қазіргі заманның басты талаптарының бірі», - деді профессор.
Халықаралық форум жасанды интеллекттің қоғам мен мемлекеттің дамуына ықпалын айқындап, осы бағыттағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін берді.
Форум қорытындысында академиялық ұтқырлықты дамыту және кадр даярлау бағытында халықаралық әріптестікті нығайту жоспары қабылданды.
