
Профессор Александр Ван де Путтеге ЕҰУ-дың «Құрметті профессоры» атағы берілді











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде стратегиялық және корпоративтік басқару саласындағы халықаралық сарапшы, профессор Александр Ван де Путтенің қатысуымен «Корпоративтік басқару 4.0: өзгерістер жағдайында тұрақтылық пен бейімделуді қамтамасыз ететін директорлар кеңесі» тақырыбында ашық дәріс өтті.
Іс-шараның ашылуында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, университеттің халықаралық әріптестікті дамытудағы стратегиялық басымдықтарына тоқталды.
«Биыл университетіміз 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл кезең - тек өткен жетістіктерді қорытындылау ғана емес, сонымен қатар болашақ даму бағдарын айқындайтын маңызды уақыт. Бүгінде әлем қарқынды өзгерістер дәуірін бастан өткеруде: технологиялардың ықпалы артып, тұрақты дамуға қойылатын талаптар күшеюде, белгісіздік деңгейі өсуде. Осындай жағдайда ұйымдардың тұрақтылығы тек стратегияға ғана емес, сонымен қатар өзгерістерге жедел бейімделу қабілетіне де тікелей байланысты. Профессор Александр Ван де Путтенің университетімізде дәріс оқуы – біз үшін үлкен мәртебе. Оның тәжірибесі стратегиялық ойлау мен практиканы ұштастыра отырып, корпоративтік басқарудың дамуына елеулі үлес қосады», - деп атап өтті ректор.
Дәріс барысында профессор Александр Ван де Путте корпоративтік басқарудың заманауи үрдістерін жан-жақты талдап, жаһандық өзгерістер жағдайында ұйымдардың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудегі Директорлар кеңесінің стратегиялық рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол деструктивті тәуекелдерге төзімділік, корпоративтік басқарудың эволюциясы, икемді директорлар кеңесін қалыптастыру және белгісіздік жағдайын жаңа мүмкіндіктерге айналдыру мәселелерін қозғады.
«Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, осындай жоғары деңгейдегі дәрісті ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Бұл кездесу – тек академиялық талқылау ғана емес, сонымен қатар корпоративтік басқарудың өзекті бағыттарын бірлесіп талдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң», - деді профессор.
Кездесу соңында Александр Ван де Путтеге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ «Корпоративтік басқару» EMBA білім беру бағдарламасының тыңдаушыларына дипломдар берілді.
