
ЕҰУ Директорлар кеңесі университет қызметінің негізгі бағыттарын талқылады











Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Дархан Мыңбайдың төрағалығымен Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиынға кеңес мүшелерімен қатар Басқарма өкілдері және құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты. Отырыста университеттің қаржылық тұрақтылығы, стратегиялық дамуы және корпоративтік басқару мәселелері қаралды.
Отырыс барысында Директорлар кеңесі 2025 жылға арналған жылдық қаржылық есепті алдын ала бекітті. Университеттің тұрақты даму қарқынын сақтап отырғаны, институционалдық тұрақтылығының нығайып келе жатқаны және корпоративтік басқару қағидаттарының тиімді іске асырылып жатқаны атап өтілді. Осы орайда Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай университеттің орнықты дамуы жүйелі басқару шешімдерінің нәтижесі екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі маңызды шешімдердің бірі – таза табысты бөлу бойынша ұсыныстарды мақұлдау болды. Қаражатты қызметкерлер мен білім алушыларды әлеуметтік қолдауға, сондай-ақ университеттің ғылыми және білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, цифрландыруға және студенттер үшін жағдайларды жақсартуға бағыттау жоспарлануда.
Директорлар кеңесі тәуекелдерді басқару жөніндегі есепті қарап, тәуекел-менеджмент жүйесін одан әрі жетілдіру және негізгі сын-қатерлерге уақтылы ден қою қажеттігін атап өтті. Дархан Мыңбай тәуекелдерді тиімді басқару университеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығының маңызды факторы екенін ерекше атап өтті.
Басқару тиімділігін арттыру мақсатында 2026 жылға арналған Басқарма Төрағасы - ректор мен Басқарма мүшелерінің қызметінің негізгі көрсеткіштері (KPI) бекітілді. Бұл көрсеткіштер университеттің стратегиялық басымдықтарымен өзара үйлестірілген.
Сонымен қатар, 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің және Ішкі аудит қызметінің есептері тыңдалды. Бұл университетте ашықтықты, есептілікті қамтамасыз ету және корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарын сақтау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Отырыс қорытындысы бойынша Директорлар кеңесі университеттің одан әрі дамуына, басқару сапасын арттыруға және бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған бірқатар шешімдер қабылдады.
