
ЕҰУ-да қазақстандық парламентаризмнің болашағына арналған ашық дәріс өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының басшысы Максим Споткай «Халықтық Конституция - қазақстандық парламентаризм дамуының жаңа кезеңі» тақырыбында ашық дәріс оқыды.
Кездесу барысында спикер Конституцияның мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат қана емес, қоғамдағы тұрақтылықтың, азаматтық келісім мен демократиялық құндылықтардың берік тірегі екенін атап өтті.
«Қазақстандық парламентаризмнің жаңа кезеңі – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы әрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нығайтуға бағытталған маңызды үрдіс», - деп атап өтті Максим Споткай.
Іс-шараның негізгі мақсаты - Конституция мен парламентаризм тақырыбындағы өзекті мәселелерді талқылап, жастар арасында ашық пікір алмасу алаңын қалыптастыру. Дәріс барысында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, спикермен еркін форматта пікір алмасты.
Әлеуметтік және азаматтық даму департаменті ұйымдастырған кездесу студент жастар үшін танымдық әрі тағылымдық мәнге ие болды. Спикер өз тәжірибесімен бөлісіп, маңызды ойлары мен пайымды пікірлерін ортаға салды.
«Бүгінгі кездесу өте әсерлі әрі мазмұнды өтті. Конституция мен парламентаризм тақырыбында көптеген жаңа мәлімет алдым. Спикердің нақты мысалдар мен өмірлік тәжірибеге сүйене отырып айтқан ойлары ерекше қызықты болды. Осындай ашық дәрістер жастардың саяси сауатын арттырып, ел дамуына бейжай қарамауға ынталандырады», - деді Назарбаев Университетінің 2 курс студенті Қалабай Айбол.
Ұйымдастырушылар мұндай тәлімі мол тағылымды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
