
ЕҰУ түлектері жайдарман ойынында өнер көрсетті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ректор кубогына арналған «Түлектер кездесуі» жайдарман ойыны өтті. Іс-шара оқу орнының 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, университет түлектері арасындағы байланысты нығайтуға, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға және студенттік бастамаларды қолдауға бағытталды.
Жайдарман фестиваль форматында өтіп, ойын барысында қазылар алқасы мен қатысушылар арасында сұрақ-жауап кезеңі жүргізілді.
Ойынға «Нұр Астана», «Күлтегін», «Элита», «Тұмар», «Ж’ЕНУ» және «Алау» командалары қатысты. Қазылар алқасының құрамында ЕҰУ-дің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов, «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен, ERG BTS компаниясының корпоративтік IT жүйелер мен деректер басқармасы жобаларының жетекшісі Қайрат Түменбаев болды.
Сондай-ақ қазылар қатарында ЕҰУ түлектері — әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Арман Сүлейменов және тележүргізуші, «Азия» Орталық КВН лигасының вице-чемпионы Бақтияр Арынғазин өнерлерді бағалады.
Шара барысында Думан Айтмағамбетов университеттің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
«Жайдарман тек әзіл алаңы ғана емес, ол жастардың креативті ойлауын, сахна мәдениетін және командамен жұмыс істеу қабілетін қалыптастыратын маңызды орта. Бүгінгі «Түлектер кездесуі» ойыны университетіміздің бірнеше буын түлектерін бір сахнада тоғыстырып, ЕҰУ-дің берік дәстүрі мен біртұтас рухын көрсетті. Осындай кездесулер арқылы жастар тәжірибе алмасып, шығармашылыққа жаңа серпін алады деп сенемін. Еуразия ұлттық университеті тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар жастардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін шығармашылық орта қалыптастырған іргелі оқу орны», — деді проректор.
Кеш соңында қатысушыларға алғыс хаттар мен «ENU STORE» имидждік өнімдері табысталып, «Күлтегін» командасы жеңімпаз деп танылды.
