
ЕҰУ-да цифрландыру дәуіріндегі дизайн-білім беруді дамыту мәселелері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Сәулет-құрылыс факультетінің «Дизайн және инженерлік графика» кафедрасында «Мен бүгін өмір сүремін» атты халықаралық ғылыми-шығармашылық симпозиум өтті. Шара университеттің 30 жылдығы мен кафедраның 20 жылдық мерейтойына арналды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – дизайн білімін дамытудағы өзекті мәселелерді талқылау, сәулет және дизайн шығармашылығын жетілдіру, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларды білім беру мен кәсіби қызметке енгізу мәселелерін қарастыру.
Бағдарлама аясында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, дизайн саласындағы шығармашылық жұмыстар көрмесінің салтанатты ашылуы өтті. Көрмеде Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшелері Талғат Қисметов, Тілек Чуленов, Табиғат Қожанбаев, Болат Мұхамедиев және «Сәулеттік дизайн», «Графикалық дизайн» білім беру бағдарламаларының студенттерінің жұмыстары ұсынылды.
Симпозиумның ашылуында ЕҰУ Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Ерлан Сабитов сөз сөйлеп, университет ұжымын мерейтоймен құттықтады.
«Бүгінде дизайн саласы тек шығармашылық бағыт қана емес, сонымен қатар технологиялармен тығыз байланысқан маңызды кәсіби салаға айналып отыр. Осындай халықаралық симпозиумдар тәжірибе алмасуға, жас мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастыруға және білім беру жүйесіне жаңа әдістерді енгізуге мүмкіндік береді. ЕҰУ-дың 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара халықаралық әріптестікті нығайтуға, шығармашылық пен ғылымның өзара байланысын дамытуға ықпал етеді деп сенемін», - деді ол.
Жиын барысында дизайнерлерді даярлаудағы заманауи әдістер мен технологияларды білім беру үдерісінде қолдану тәжірибесі талқыланды. Сонымен қатар дизайн саласындағы ғылыми зерттеулер таныстырылып, саланың негізгі мәселелері, даму үрдістері және оларды шешудің тиімді жолдары қарастырылды.
Симпозиумда пленарлық сессия, пікірталас форматындағы отырыстар және сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды. Қорытынды бөлімде студенттер шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі үшін дипломдармен марапатталды. Бас жүлде - Дильназ Абрахманова, І орын - Айнұр Маратқызы, ІІ орын - Әния Жекеш, Айдынгүл Дастан, Екатерина Шевелева, ІІІ орын - Аянат Тілепалды және Серікболсын Әліпбайға берілді.
