
ЕҰУ алаңында халықаралық цифрлық экономика форумы ұйымдастырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Өндіріс пен білім беруді интеграциялау арқылы цифрлық білім беруді дамыту: өңірлік синергия негізінде Жібек жолы таланттарын бірлесіп даярлау» атты халықаралық форум өтті.
ШЫҰ-ның 2026 жылғы Цифрлық экономика форумы – цифрлық білім беру, жаңа экономикаға арналған кадрларды даярлау және ШЫҰ елдері университеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылауға бағытталған халықаралық академиялық және сараптамалық алаң. Форумның негізгі идеясы өндіріс пен білім беруді интеграциялау арқылы цифрлық білім беруді дамытуға, сондай-ақ Жібек жолы таланттарын бірлесіп даярлауға жағдай жасауға негізделген.
Іс-шараға ЕҰУ, Нанькай университеті, Қытайдың жетекші университеттері, Қазақстан Республикасының министрліктері, қазақстандық жоғары оқу орындары және шетелдік серіктестер өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қаржы министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, сондай-ақ Қазақстан, Қытай және Ресей университеттерінің өкілдері болды.
Форумды ашқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – Цифрландыру жөніндегі проректор Гүлмира Бекманова бүгінгі жиынның мән-маңызына тоқтала келіп, университет ректоры Ерлан Сыдықовтың форум қатысушыларына құттықтауын жеткізді.
«Форумды Қазақстанда өткізу символдық әрі практикалық маңызға ие. Біріншіден, бұл іс-шара 2025 жылғы шілдеде Тяньцзинь қаласында өткен алғашқы форумның жалғасы болып табылады. Екіншіден, 2026 жыл Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде жарияланған. Үшіншіден, форум Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар қатарына енгізілген, бұл оның университеттің халықаралық деңгейдегі беделін арттырудағы маңызын күшейтеді»,- деді проректор.
Іс-шараның басты мақсаты – 2025 жылғы шілдеде құрылған ШЫҰ Цифрлық экономика университеттері альянсы аясындағы ынтымақтастықты тереңдету. Форум жетекші университеттер, сарапшылар, мемлекеттік органдар және серіктес ұйымдар арасында тікелей байланыс орнатуға ықпал етеді. Сонымен қатар, ЕҰУ мен Нанькай университеті базасында жүзеге асырылатын бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын дамытуға ерекше назар аударды.
«Бүгінгі форумның тақырыбы – өндіріс пен білім беруді интеграциялау арқылы цифрлық білімді дамыту – қазіргі заманның аса өзекті мәселелерінің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллектіні экономикалық өсудің және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторлары ретінде дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.Белгілі болғандай, биылғы жыл Мемлекет басшысы тарапынан Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осы күн тәртібі аясында жоғары білім беру жүйесіне жаңа буын кадрларын даярлау, ғылымды дамыту және экономиканың нақты секторымен тығыз ықпалдастықты қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктелді.Цифрлық экономика қарқынды дамып жатқан кезеңде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен адами капиталдың сапасымен анықталады. Сондықтан университеттер тек білім беру орталығы ғана емес, инновация мен технологиялық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналуы қажет. Қазіргі әлемде ешбір мемлекет цифрлық трансформация үдерісін жалғыз жүзеге асыра алмайды. Тұрақты даму мен ортақ өркендеу тек ашық диалог, өзара сенім және халықаралық ынтымақтастық арқылы мүмкін болады»,- деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова.
Форумның негізгі бөлімінде екі пленарлық отырыс ұйымдастырылды.
Бірінші отырыс цифрлық білім беру, жаңа қаржы саласындағы кадрларды даярлау, Қазақстан мен Қытайдағы таланттарды дамыту, өндіріс пен білім беруді интеграциялау, қаржылық инклюзивтілік және Қазақстан Республикасының ШЫҰ аясындағы экономикалық дамуы мәселелеріне арналды. Екінші отырыста деректердің трансшекаралық ағындары, цифрлық қаржы, цифрлық экономика саласындағы білім беру модельдері, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше университеттер арасындағы ынтымақтастық тетіктері қарастырылды.
«Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2026 жылғы Цифрлық экономика форумына қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Ең алдымен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне және Қазақстан Республикасына осы маңызды халықаралық алаңды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін шынайы алғысымды білдіремін. Қытай мен Қазақстанды тек географиялық жақындық қана емес, терең тарихи достық, өзара сенім және ортақ даму мақсаттары байланыстырады. Ұлы Жібек жолының рухы бүгінде цифрлық дәуірде жаңа мазмұнға ие болып отыр. Біздің елдеріміз, оның ішінде Нанькай университеті халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге, білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға ерекше мән береді», - деді ҚХР Нанькай университетінің вице-ректоры Шэн Бинь.
Форум аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Нанькай университетінің вице-ректоры Шэн Биннің қатысуымен ЕҰУ – Нанькай Бірлескен зерттеу орталығы ашылды. Аталған орталық университеттер арасындағы ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың институционалдық негізі болмақ.
«Біз Нанькай университетімен бірлескен зерттеу орталығын ашуды маңызды қадам деп санаймыз. Бұл орталық ғылыми зерттеулерді дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға және цифрлық экономика саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар, біз ШЫҰ кеңістігінде университеттер арасындағы серіктестікті тереңдету, студенттер мен оқытушылар алмасуын кеңейту, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, қаржылық технологиялар және деректер экономикасы бағыттарында ортақ зерттеулер жүргізу маңызды деп есептейміз»,- деді экономика және туризм жоғары мектебінің дректоры Аида Жағыпарова.
Форум қорытындысы бойынша халықаралық академиялық байланыстарды нығайту, цифрлық экономика мен цифрлық білім беру мәселелері бойынша сараптамалық диалогты кеңейту, сондай-ақ ЕҰУ, Нанькай университеті және ШЫҰ елдеріндегі серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыру жөнінде қарар қабылданды.
