
ЕҰУ-да журналистика тарихына арналған медиа-зертхана ашылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінде университеттің 30 жылдығына орай белгілі баспасөз тарихын зерттеуші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Алдабергенов атындағы медиа-зертхана ашылды.
Жаңа медиа-зертхана – болашақ журналистер мен зерттеушілерге арналған заманауи ғылыми-шығармашылық алаң. Мұнда студенттер қазақ журналистикасының тарихын зерттеп, архивтік материалдармен жұмыс істеуге, медиа саласындағы ғылыми жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар зертхана жас журналистердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты. Медиа-зертхана лентасын ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантай және профессор-ғалым Намазалы Омашұлы қиды. Іс-шара барысында профессор Қырықбай Алдабергеновтің қазақ баспасөзі тарихын зерттеудегі еңбегі ерекше аталып өтті. Ғалымның ұлттық журналистика тарихын зерделеуге қосқан үлесі мен ғылыми мұрасы кейінгі буынға үлгі екені айтылды.
Медиа-зертхананың ашылуы – университеттің ғылым мен білімді ұштастыру бағытындағы маңызды бастамаларының бірі. Бұл жоба қазақ журналистикасының тарихын терең зерттеуге, ұлттық медиа саласының дамуына және жас зерттеушілерді қолдауға жаңа серпін береді.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантай медиа-зертхананың ашылуында сөйлеген сөзінде бұл бастаманың жас журналистер үшін маңызы зор екенін атап өтті:
«Қырықбай Алдабергенов – қазақ баспасөзінің тарихын терең зерттеп, ұлттық журналистика ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Бүгін ашылып отырған медиа-зертхана – ғалым мұрасын дәріптеп қана қоймай, болашақ журналистердің ізденісіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жол ашатын маңызды орталық болады. Бұл жер студенттердің шығармашылық және кәсіби қабілетін шыңдайтын заманауи алаңға айналады деп сенеміз», - деді директор.
Алматыдан арнайы келген ғалым Аязби Бейсенқұлов салтанатты жиында профессор Қырықбай Алдабергеновтің қазақ журналистикасы ғылымындағы орны ерекше екенін атап өтті.
«Қырықбай Алдабергенов – ұлттық баспасөз тарихын жүйелеп зерттеген санаулы ғалымдардың бірі. Оның еңбектері қазақ журналистикасының қалыптасуы мен даму жолын тануда аса құнды ғылыми мұра болып саналады. Бүгінгі ашылып отырған медиа-зертхана жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беретін, ғылым мен тәжірибені ұштастыратын маңызды орталыққа айналады деп ойлаймын. Мұндай игі бастамалар ұлттық журналистика ғылымының дамуына үлкен серпін береді», - деді профессор.
