
ЕҰУ-да «Белый ветер» компаниясының қолдауымен жаңа компьютерлік сынып ашылды
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында Физика-техникалық ғылымдар институтында жаңа компьютерлік сыныптың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи аудитория «Белый ветер» компаниясының қолдауымен жабдықталып, университетке 20 компьютер сыйға тартылды.
Ашылу салтанатына ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Физика-техникалық ғылымдар институтының директоры Ерік Нұрмолдин, «Белый ветер» компаниясының жобалармен жұмыс бөлімінің басшысы Денис Ермилов, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.
Іс-шара барысында университет ректоры білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдерінің өзара ынтымақтастығы заманауи оқу инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. ЕҰУ басшылығы студенттердің сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға және жастардың цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға қосқан үлесі үшін «Белый ветер» компаниясына алғыс білдірді.
Жаңа компьютерлік сынып Физика-техникалық ғылымдар институтының студенттеріне практикалық сабақтар өткізуге, білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ бағдарламалау, ақпараттық технологиялар, инженерия және цифрлық шешімдер саласындағы дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Компания өкілдерінің айтуынша, білім беру жобаларын қолдау – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңызды бағыты әрі болашақ мамандарды даярлауға салынған инвестиция.
Мұндай бастамалар білім беру ортасын жаңғыртуға, студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және университет пен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Компьютерлік сыныптың ашылуы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аясында өткен маңызды іс-шаралардың бірі болды. Университет студенттер мен оқытушылардың игілігі үшін білім беру және ғылыми инфрақұрылымды одан әрі дамыту жұмыстарын жалғастыруда.
