
Құқықтанушы ғалымдар Қазақстанда цифрлық конституционализмді дамыту мәселелерін талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде құқықтанушы ғалымдар, заң шығару саласындағы сарапшылар мен ғылыми және білім беру ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңашылдықтары: мемлекеттік құрылым және цифрлық ортадағы адам құқықтарын қорғау» атты ғылыми семинар өтті.
Іс-шараға қатысушылар конституциялық жаңғыртудың саяси жүйе мен мемлекеттік билік институттарын дамытудағы маңызын түсіндіріп, конституциялық дамудың келешек бағыттарына сараптамалық баға берді.
Жиында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты директоры Жанар Жігітекова құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми семинар тақырыбының ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Цифрландырудың конституциялық стратегиясы инновациялық технологияларды енгізу мен адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету арасындағы тепе-теңдікке негізделеді. Сонымен қатар, цифрлық орта жеке деректерді қорғау, жеке өмірге қол сұқпаушылықты қамтамасыз ету, цифрлық кемсітушіліктің алдын алу, жасанды интеллект технологияларын заңсыз пайдалануға жол бермеу және тұлғаның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты жаңа сын-қатерлерді туындатады. Осыған байланысты ғылыми семинар бағдарламасы мемлекеттік құрылымды цифрлық трансформациялау жағдайындағы жаңа конституциялық тепе-теңдік моделіне тікелей қатысты мәселелерді қамтиды», - деді спикер.
Семинар барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институтының құрылғаны жарияланды.
Жаңа құрылым құқықтық реформаларды ғылыми қолдауға, жасанды интеллект технологияларын құқықтық бейімдеуге және қоғамда жоғары конституциялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған еліміздің жетекші қолданбалы талдау орталығына айналады. Институт ғалымдары жасанды интеллектті реттеу, алгоритмдердің ашықтығы, жеке деректерді қорғау және алгоритмдік кемсітушіліктің алдын алу салаларында пәнаралық зерттеулер жүргізеді.
«Институт превентивтік конституциялық аудит әдіснамасын дамытуға, яғни заң жобаларын әзірлеу кезеңінде құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды анықтауға басымдық береді. Бұл зерттеулердің нәтижелері университеттің білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға енгізіліп, құқық, жасанды интеллект, мемлекеттік басқару және журналистика салаларында қазіргі конституциялық модель жағдайында жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді университеттің сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина.
Семинарға қатысушылар сондай-ақ қоғамды цифрландыру жағдайында құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету, еңбек саласына жасанды интеллектті енгізу кезінде адам құқықтарын қорғау, «Заң мен тәртіп» мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру, Құрылтай қызметі, жеке тұлғаның цифрлық құқықтарының конституциялық кепілдіктері және басқа да өзекті мәселелерді талқылады.
«2026 жылғы конституциялық реформаның ерекше әрі серпінді маңызы – оның отандық цифрлық конституционализмнің негізін қалауы. Мемлекет алғаш рет алгоритмдік кемсітушілікке жол бермеу, жасанды интеллект жүйелерінің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде тікелей міндеттемелер алады және әрбір азаматтың өзінің «цифрлық профилін» кез келген платформалардың рұқсатсыз араласуынан қорғау құқығына кепілдік береді. Осылайша, еліміздегі технологиялық прогресс нақты, ізгілікті және конституциялық тұрғыдан айқындалған шекараларға ие болып, ең жоғары құндылық ретінде адамды сақтап қалады», - деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің бас ғылыми қызметкері Ермек Әбдірасылов.
Баяндамашылар қатарында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің басшысы Сәбигүл Бекішева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессорлары Еңлік Нұрғалиева мен Жамаладен Ибрагимов, Парламентаризм институтының Жеке заңнама орталығының басшысы Юлия Костяная, тағы да басқа сарапшылар болды.
Ғылыми семинар қорытындысы бойынша қатысушылар цифрлық ортада адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдіріп, конституциялық дамудың өзекті мәселелері жөнінде кәсіби пікір алмасты, сонымен қатар құқықтық реформаларды ғылыми-сараптамалық тұрғыдан қолдау саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.Талқылау барысында әзірленген ұсынымдар заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және заманауи технологияларды жауапкершілікпен енгізу қағидаттарына негізделген цифрлық мемлекетті дамыту үшін тиімді құқықтық негіз қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.
