
ЕҰУ-да Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институты құрылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институты құрылмақ. Бұл туралы құқықтанушы ғалымдар, заң шығару саласының сарапшылары, сондай-ақ ғылыми және білім беру қауымдастығының өкілдері қатысқан «Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңашылдықтары: мемлекеттік құрылым және цифрлық ортадағы адам құқықтарын қорғау» атты ғылыми семинар барысында жарияланды.
Жаңа институт еліміздегі жетекші ғылыми-сараптамалық орталықтардың біріне айналып, құқықтық реформаларды ғылыми тұрғыдан сүйемелдеуге, жасанды интеллектті құқықтық реттеу мәселелерін зерттеуге және қоғамдағы конституциялық мәдениетті нығайтуға бағытталады. Оның қызметі мемлекет пен қоғамның цифрлық трансформациясы жағдайында туындайтын өзекті құқықтық мәселелерді зерделеп, заманауи шешімдер ұсынуға негізделеді.
Институттың құрылуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси және конституциялық реформаларды одан әрі дамытуға бағытталған қоғамдық сұраныстың көрінісі болып табылады. Бүгінде еліміз ауқымды институционалдық өзгерістер кезеңінен жаңартылған конституциялық қағидаттарды іс жүзінде іске асыру кезеңіне қадам басты. Бұл ретте «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын орнықтыру, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейту және қоғамдық жауапкершілікті арттыру ерекше маңызға ие.
Институт қызметінің басым бағыттарының бірі – халықаралық озық құқықтық тәжірибелерді отандық құқықтық жүйеге енгізу. Атап айтқанда, мамандар заң жобаларын әзірлеу кезеңінде құқықтық олқылықтар мен қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін превентивтік конституциялық аудит әдіснамасын дамытуға ден қояды. Сонымен қатар конституциялық сот төрелігінің сапасын арттыру мақсатында тәуелсіз ғылыми қорытындылар әзірлеуді көздейтін «Amicus Curiae» («соттың досы») институтын дамыту жоспарланып отыр.
Институт жұмысының тағы бір маңызды бағыты – цифрлық трансформацияны құқықтық тұрғыдан сүйемелдеу. Ғалымдар жасанды интеллектті реттеу, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету, дербес деректерді қорғау және алгоритмдік кемсітушіліктің алдын алу мәселелері бойынша пәнаралық зерттеулер жүргізеді. Бұл бағыттар қазіргі кезеңде цифрлық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі саналады.
Ғылыми зерттеулердің нәтижелері университеттің білім беру үдерісіне енгізіледі. Олар құқық, мемлекеттік басқару, журналистика және жасанды интеллект бағыттарындағы жаңартылған білім беру бағдарламаларының мазмұнын толықтырып, цифрлық мемлекет жағдайында тиімді жұмыс істей алатын жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.
«Институт заң жобаларын әзірлеу сатысында құқықтық тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік беретін превентивтік конституциялық аудит әдіснамасын дамытуға басымдық береді. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің нәтижелері университеттің білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға пайдаланылып, құқық, жасанды интеллект, мемлекеттік басқару және медиа салалары үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға ықпал етеді», – деді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина.
