
ЕҰУ-да «Каникулға кітаппен» оқу марафоны басталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында «Каникулға кітаппен» атты оқу марафонының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ жастардың интеллектуалдық және рухани дамуын қолдау.
Ашылу рәсімінде ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов кітаптың жеке тұлғаның кәсіби және рухани дамуындағы маңызына тоқталып, студенттерді жазғы демалысты мазмұнды әрі тиімді өткізуге шақырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 16 мамырда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды. Бұл құжат адами капиталды дамытуға, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ кітап оқуды білім беру мен тәрбиенің маңызды құралы ретінде насихаттауға бағытталған. Еуразия ұлттық университеті жастардың терең білімді, сыни ойлай алатын, рухани құндылықтарды бойына сіңірген азамат болып қалыптасуына ерекше мән береді. Жазғы демалыс – студент үшін бос уақыт емес, керісінше өзін-өзі дамытуға, жаңа білім игеруге және рухани көкжиегін кеңейтуге берілген мүмкіндік. Сондықтан ЕҰУ жастарын осы кезеңді тиімді пайдаланып, кітап оқуды өмір салтына айналдыруға шақырамын», – деді ректор.
Өз кезегінде Ғылыми кітапхананың директоры Бахытжан Оразалиев оқу марафонының жастардың оқу белсенділігін арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ол студенттермен қатар оқушыларға да ерекше көңіл бөлінетінін айтып, оларға арналған жазғы лагерь жұмыс істейтінін жеткізді. Бұл лагерь аясында балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, оқу сауаттылығын дамытуға және оқу мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға басымдық беріледі.
Іс-шара барысында қатысушыларға марафонның мақсат-міндеттері мен ережелері жан-жақты таныстырылды. Марафонға университеттің барлық білім алушылары, профессор-оқытушылар құрамы және қызметкерлері қатыса алады. Қатысушылар жазғы демалыс кезеңінде кемінде 5–10 көркем әдебиет туындысын оқып, әр кітап бойынша әлеуметтік желілерде пост немесе қысқаша бейнеролик жариялауы тиіс. Барлық жарияланымдарда кітаптың атауы мен авторы көрсетіліп, арнайы хэштегтер қолданылуы қажет.
Сонымен қатар марафон аясында «Оқуға ұсынылған 100 кітап» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар назарына ұлттық күй, поэзия және ән-шашу ұсынылды. Ал «Мен ұсынатын кітап» бөлімінде қатысушылар өздері сүйіп оқыған әрі көпшілікке ұсынатын кітаптарын таныстырып, олардың тәрбиелік мәні, өмірлік құндылықтары мен әсерлі тұстары туралы ой бөлісті.
Марафон қорытындысы бойынша қатысушылардың оқу белсенділігі, жарияланған материалдардың сапасы, шығармашылық көзқарасы және жалпы оқырмандық мәдениеті бағаланатын болады. Үздік қатысушылар 2026 жылдың қыркүйек айында арнайы марапаттарға ие болады.
