
Жұмыс берушілер мен ЕҰУ кадр даярлаудың жаңа тәсілдерін талқылады

Еуразия ұлттық университетінде Жұмыс берушілер кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға ЕҰУ өкілдері мен серіктес ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында мектептер, мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу институттары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар, бизнес құрылымдары және қаржы секторының өкілдері болды.
Кездесуді ашқан Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай университеттің жұмыс берушілермен тығыз байланысы бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың маңызды шарты екенін атап өтті.
Оның айтуынша, әртүрлі салалар өкілдерінен келетін кері байланыс білім беру бағдарламаларын уақтылы жетілдіруге, тәжірибеге бағытталған оқытуды дамытуға және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысын арттыруға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында «Rixos President Astana» қонақ үйінің кадр мәселелері жөніндегі директоры Әсел Сұлтанова түлектердің табысты жұмысқа орналасуында тәжірибе мен білімнің рөлі мәселесін көтерді.
Ал «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары Арман Бектұрова жұмыс берушілердің қажеттіліктерін түсінудің өзектілігі туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, қатысушылар қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай келетін жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу мәселесін талқылады.
Айта кетейік, ЕҰУ-дың Жұмыс берушілер кеңесі он жыл бұрын құрылған. Бүгінде оның құрамына 22 компания мен серіктес ұйымның өкілдері кіреді. Олар білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен сараптауға қатысып, еңбек нарығының сұраныстарын ескере отырып оларды жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді, студенттердің кәсіби тәжірибесін ұйымдастыруға және университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
