
ЕҰУ Физика-техникалық ғылымдар институтының түлектері кәсіби жолға қадам басты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Физика-техникалық ғылымдар институты түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Мерекелік шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.
Биыл институт құрамындағы «Техникалық физика», «Жалпы және теориялық физика», «Ғарыштық техника және технологиялар», «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар», «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» кафедраларында білім алған 426 түлек жоғары білім туралы диплом иеленді. Оның ішінде 318 білім алушы бакалавриат, 108 түлек магистратура бағдарламасын аяқтады.
Салтанатты жиында ЕҰУ- Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов түлектерді құттықтап, олардың алдағы кәсіби жолына сәттілік тіледі.
«Бүгін сіздер университет қабырғасындағы маңызды кезеңді еңсеріп, өмірлеріңіздің жаңа кезеңіне қадам басып отырсыздар. Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойы аталып өтіп отырған жылы диплом алу – білім мен еңбектің жемісін көрсететін ерекше сәт. Заманауи ғылым мен технология талаптарына сай дайындалған жас мамандар ретінде елдің дамуына, ғылым мен инновацияның өркендеуіне өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін. Қай салада еңбек етсеңіздер де, кәсібилік пен адалдықты басты ұстаным етіп, ЕҰУ түлегі деген мәртебені абыроймен алып жүріңіздер», – деді ректор.
«Физика мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының түлегі Айзада Амангелді ЕҰУ-да бакалавриат және магистратура кезеңдерінде білім алғанын атап өтіп, университет ұжымына алғысын білдірді.
«Бүгінгі күн – біздің көп жылғы еңбегіміздің нәтижесі. Университет қабырғасында біз тек кәсіби білім алып қана қоймай, өмірлік тәжірибе жинақтап, тұлға ретінде қалыптастық. Бізге бағыт-бағдар берген ұстаздарымызға, қолдау көрсеткен ата-аналарымызға және университет басшылығына алғысымызды білдіреміз. ЕҰУ түлегі деген мәртебені абыроймен алып жүруге және алған білімімізді ел игілігіне пайдалануға дайынбыз», – деді ол.
Іс-шара барысында әскери кафедраны аяқтаған түлектерге де ерекше құрмет көрсетілді. Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша толық әскери даярлық курсынан өткен білім алушыларға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 12 маусымдағы №152-ӨҚ бұйрығына сәйкес «лейтенант» әскери атағы берілді. Әскери шендерді табыстау рәсімін Әскери кафедра бастығы, генерал-майор Еділ Оразов өткізді.
Диплом табыстау рәсімінің қорытынды бөлімінде оқу үлгерімімен және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен ерекшеленген түлектер аталып, олардың ата-аналарына ерекше алғыс білдірілді.
