
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да Қазақстан Республикасының кеме модельдеу спорты бойынша XXXI чемпионаты басталды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде университеттің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының кеме модельдеу спорты бойынша XXXI чемпионатының ашылу рәсімі өтті.
Жарысқа еліміздің өңірлерінен келген кеме модельдеу, техникалық шығармашылық және инженерлік жобалаумен айналысатын мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Бес күннің ішінде қатысушылар кемелердің радио басқарылатын үлгілерін басқару дағдыларын көрсетіп, әртүрлі санаттағы модельдерін таныстырады.
Іс-шараны Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен Қазақстанның кеме модельдеу спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен ұйымдастырды.
Жарыстың мақсаты – техникалық шығармашылықты, инженерлік ойлауды, инновациялық құзыреттерді дамыту, сондай-ақ балалар мен жастар арасында инженерлік мамандықтар мен ғылыми-техникалық шығармашылықты насихаттау.
Ашылу салтанатында ЕҰУ-дың стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Мэлс Жұмабаев, сондай-ақ университет қызметкерлері мен қатысушы командалардың өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
«Биыл біз турнирді Қазақстан Республикасы чемпионаты мәртебесінде өткізіп отырмыз. Бұл қатысушылар географиясын едәуір кеңейтіп, жарысқа бұрынғыдан да көп команданы тартуға мүмкіндік берді. Жыл сайын кеме модельдеу спортына деген қызығушылық артып, техникалық база жетілдіріліп, қатысушылардың шеберлік деңгейі жоғарылап келеді. Соның нәтижесінде жарыстар тартымды әрі бәсекелі бола түсуде. ЕҰУ зерттеу университеті ретінде инженерлік білім беруді, ғылыми-техникалық шығармашылықты және жоғары технологиялық экономика салалары үшін болашақ мамандарды даярлауға бағытталған жобаларды жүйелі түрде қолдап келеді», - деді Думан Айтмағамбетов.
Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Мэлс Жұмабаев биыл ЕҰУ кеме модельдеу спорты бойынша жарыстарды екінші рет қабылдап отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, мұндай жарыстарды өткізу университеттің өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен дамытуға қосқан үлесінің айқын көрінісі болып табылады.
Қазақстанның кеме модельдеу және кеме модельдеу спорты федерациясының президенті Сергей Оконечников қатысушыларға әділ әрі тартысты бәсеке, жарқын өнер көрсету мен жоғары нәтижелер тіледі. Сонымен қатар ол чемпионаттың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтетініне сенім білдірді.
Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі 27 маусымда өтеді. Жарыстың басты жүлдесі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының кубогы чемпионат қорытындысы бойынша үздік командаға табысталады.
