
ЕҰУ-дың Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі 501 маман даярлап шығарды

Биыл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебін 501 түлек тәмамдады. Оның ішінде 373 түлек бакалавр дәрежесін, 128 түлек магистр дәрежесін иеленді. Сонымен қатар, 168 түлек оқуын үздік аяқтап, қызыл дипломға қол жеткізді. Оларға Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні мерекесі қарсаңында салтанатты түрде диплом табысталды.
Мерекелік шараға университет басшылығы, проректорлар, профессор-оқытушылар құрамы, ардагер журналистер, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.
Салтанатты жиында ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай бітіруші түлектерді маңызды белеспен құттықтап, олардың елдің ақпараттық кеңістігі мен қоғамдық өміріне белсенді үлес қосатынына сенім білдірді. Ол жастарға кәсіби жолда табыс, шығармашылық ізденіс пен биік жетістіктер тіледі.
«Сіздер дипломды ерекше кезеңде алып отырсыздар. Биыл біздің университетіміздің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Сондықтан бүгінгі күн - тек сіздердің ғана емес, оқу орнымыздың да тарихындағы маңызды сәт. Осы 30 жыл ішінде Еуразия ұлттық университеті жүз мыңнан аса білікті маман даярлап, ел дамуына үлес қосып келеді. Енді сол үлкен тарихтың бір бөлшегі ретінде сіздер де өз жолдарыңызды бастайсыздар», - деді проректор.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантаев түлектерге ақжарма тілегін арнап, білім ордасында алған тәжірибе мен білімнің олардың болашақ мансабында берік негіз болатынын атап өтті.
«Университет қабырғасында алған білім мен тәжірибе алдағы кәсіби қызметтеріңізге берік негіз болады деп сенемін. Журналистика мен әлеуметтік ғылымдар саласы қоғам алдындағы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан қай жерде еңбек етсеңіздер де мамандыққа адалдықты, кәсібилікті және азаматтық ұстанымды басты құндылық ретінде ұстаныңыздар. Сіздерге сәттілік, шығармашылық табыс және толағай жетістіктер тілеймін», - деді Нұржан Қуантаев.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің бакалавриат, магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Италияның жетекші университеттерімен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар, мектеп ғалымдары мен білім алушылары БҰҰ және ЮНИСЕФ ұйымдарымен бірлескен халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларын табысты орындап, жаһандық деңгейдегі маңызды бастамаларға өз үлестерін қосуда.
Шара барысында сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, журналист, әдебиеттанушы, аудармашы, журналистика және медиаөнер кафедрасының профессоры Сауытбек Абдрахманов, «Қазақстан РТРК» АҚ төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, белгілі журналист әрі баспагер Шархан Қазығұлов, журналист, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Марат Манаспаев, «Хабар» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметі жаңалықтар бөлімінің қазақ редакциясының редактор-жүргізушісі, ақпарат саласының үздігі, «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты, 2025 жылдың үздік тележүргізушісі Сағыныш Әбікей жас мамандарға кәсіби кеңестерін айтып, журналистиканың жауапкершілігі зор әрі қоғам үшін маңызды мамандық екенін жеткізді. Олар түлектерге адалдық пен шынайылық қағидаттарын ұстанып, ел игілігі жолында еңбек етуге шақырды.
«Ардақты шәкірттерім, адамның өмірінде белес көп.Әр белесте өзінің күтіп тұратын жеңісі бар. Бүгінігі жеңістерің құтты болсын! Журналистика – тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік. Қоғамның үнін жеткізіп, шындықтың жаршысы болу үшін біліммен қатар адалдық, табандылық және кәсіби ұстаным қажет. Бүгін диплом алып отырған жас мамандардың қатарынан білікті журналистер, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері шығатынына сенемін. Қай салада еңбек етсеңіздер де ел мүддесін биік қойып, кәсіби этикадан айнымай қызмет етіңіздер. Сіздерге шығармашылық шабыт, батыл қадамдар және үлкен жетістіктер тілеймін», - деді Сауытбек Абдрахманов.
Іс-шара барысында әскери кафедраны үздік аяқтап, «Запастағы офицер» бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен тоғыз түлекке ҚР Қорғаныс министрлігінің бұйрығына сәйкес «лейтенант» әскери шені берілді.Оны ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, ЕҰУ әскери кафедрасының өкілі, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әбубәкір Смайылов табыс етті.
«Бүгін сіздер офицерлік жолдың алғашқы сатысына қадам басып отырсыздар. Лейтенант шенін алу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Алдағы қызметтеріңізде тәртіп пен әскери антқа адал болып, ел қорғаны жолында абыройлы еңбек етесіздер деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін», - деді Әбубәкір Смайылов.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің жаңа түлектері енді алған білімдерін тәжірибеде қолданып, әр салада кәсіби қызмет атқаруға қадам басты.
«Бүгінгі күн – біз үшін ерекше әрі толқынысқа толы сәт. Университетте алған біліміміз бен тәжірибеміз болашақтағы кәсіби жолымызға сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді деп білемін. Бізге сапалы білім беріп, әрдайым қолдау көрсеткен оқытушыларымызға, ата-аналарымызға және университет ұжымына алғысымыз шексіз. Енді алған білімімізді ел игілігіне жұмсап, өз саламызда абыройлы еңбек етуге дайынбыз», - деді Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің үздік түлегі Қуаныш Аманжолов.
Сондай-ақ салтанатты диплом тапсыру рәсімінде «Психология», «Философия», «Философия және этика», «Мәдениеттану», «Әлеуметтік жұмыс», «Дінтану» білім беру бағдарламасының курсын бітірген түлектер де диплом алды.
Қалам мен қоғамдық ойдың жауапкершілігін сезінген жас түлектер енді білім ордасынан алған тағылымдарын өмір мектебінде жалғастырады. Бүгінгі диплом – олардың қолындағы құжат қана емес, ел болашағына қызмет ету жолындағы сенім мен жауапкершіліктің белгісі.
