
ЕҰУ Экономика және туризм жоғары мектебінің түлектеріне диплом табысталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Экономика және туризм жоғары мектебінің бітіруші түлектеріне салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Мерекелік шараға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, түлектер және олардың ата-аналары қатысты.
Салтанатты жиынды ЕҰУ Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай ашып, бітіруші түлектерді айтулы мерекемен құттықтады.
«Құрметті ата-аналар, қадірлі қонақтар, әріптестер және біздің қымбатты түлектеріміз! Бүгінгі диплом – сіздердің табанды еңбектеріңіздің, үлкен ізденістеріңіз бен алған білімдеріңіздің нәтижесі. Бұл құжат сіздер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, кәсіби жетістіктердің бастауы болсын. Алдағы өмір жолдарыңыз ашық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!» – деді проректор.
Шара барысында оқу үлгерімімен, ғылыми және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген түлектерге арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталды.
Экономика және туризм жоғары мектебінің директоры Аида Жағыпарова түлектерді маңызды белеспен құттықтап, олардың жоғары оқу орнында алған білімдері мен кәсіби дағдылары еңбек нарығында табысты қызмет етуге негіз болатынын атап өтті.
«Құрметті түлектер! Бүгін сіздердің өмірлеріңіздегі ең маңызды әрі есте қаларлық күндердің бірі. Университет қабырғасында сапалы білім алып, кәсіби құзыреттерді меңгердіңіздер. Енді сол білімді ел игілігіне жұмсап, қоғамның дамуына үлес қосатын кез келді. Экономика саласы – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Сондықтан сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Баршаңызға кәсіби жолдарыңыздың ашық болуын, биік белестерді бағындыруды тілеймін», – деді жоғары мектеп директоры.
Экономика және туризм жоғары мектебінде биыл 10 білім беру бағдарламасы бойынша 416 білім алушы бакалавр дәрежесін алуда. Оның ішінде 132 түлек оқуын үздік тәмамдап, қызыл диплом иегері атанды.
Магистр дәрежесінің дипломы 129 білім алушыға табысталса, тағы 15 түлек қос диплом бағдарламасын сәтті аяқтап отыр. Олар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен қатар Ресей Халықтар Достығы университетінің, Алтай мемлекеттік университетінің және Жүсіп Баласағұн атындағы ұлттық университеттің дипломдарына ие болды.
Түлектер атынан сөз сөйлеген жас мамандар университет қабырғасында алған білімдері мен тәжірибелерінің болашақ кәсіби жолдарында берік негіз болғанын айтып, ұстаздары мен ата-аналарына алғыс білдірді.
«Бүгін мен үшін ерекше әрі толқынысқа толы күн. Университетте алған білімім мен тәжірибем болашақ мамандығымның берік негізін қалады. Бізге сапалы білім беріп, әрдайым қолдау көрсеткен оқытушыларымызға алғысымды білдіремін. Сондай-ақ ата-анамның сенімі мен қолдауының арқасында осы жетістікке жеттім. Алдағы уақытта алған білімімді ел игілігіне жұмсап, кәсіби тұрғыда дамуға күш саламын», – деді үздік диплом иегері Мұхамед Ғаниұлы.
Түлектердің ата-аналары да университет ұжымына ризашылықтарын жеткізді.
«Бүгін біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш. Баламыздың жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, диплом алғанын көру – әр ата-ана үшін зор мәртебе. Осы жылдар ішінде сапалы білім мен тәлім-тәрбие берген университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамына шынайы алғысымызды білдіреміз. Барлық түлектерге жарқын болашақ пен толағай табыс тілейміз», – деді ата-ана Жасұлан Құсайынов.
Салтанатты рәсім аясында әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған түлектерге ҚР Қорғаныс минситрлігінің бұйрығымен «Лейтенант» әскери атағы табысталды.
Экономика және туризм жоғары мектебі туризм кафедрасының биылғы түлектері де еңбек нарығына жолдама алып, жаңа кәсіби кезеңге қадам басты. Салтанатты рәсімде университет ұжымы жас мамандарға сәттілік пен кәсіби жетістіктер тіледі.
«Қазіргі таңда Еуразия ұлттық университеті – жоғары білікті мамандардың орталығы болып табылады және біз мұны мақтан тұтамыз. Туризм кафедрасы 1997 жылдан бері туризм және қонақжайлылық саласы бойынша мамандарды дайындап келеді. Осы жылдар ішінде 3 мыңнан астам маман даярланды. Бүгінгі таңда кафедра бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша мамандар дайындайды.
ЕҰУ «Қонақжайлылық және бос уақытты басқару» пәні бойынша QS World University Rankings by Subject 2025 пәндік рейтингінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарында ТОП 151-175. «QS Stars» рейтингінің нәтижелері бойынша «Қонақжайлылық және бос уақытты басқару» пәні 5 жұлдызға ие болды. QS Stars – бұл университеттің 8 түрлі санаттағы индикаторлардың кең спектрі бойынша аудиті және университеттің халықаралық деңгейде танылған сапа белгісі болып табылады», - деді түлектерге сәт сапар тілеген Туризм кафедрасының меңгерушісі Ләйлә Муталиева.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, естелік суретке түсумен аяқталды.
