
ЕҰУ-дың механика-математика факультеті 361 жас маманды түлетіп

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Механика-математика факультетінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл механика-математика факультетін 361 түлек аяқтады. Оның ішінде 283 бакалавр, 78 магистр болса, 49 түлек үздік диплом иегері атанды.
Салтанатты шараға университет басшылығы, факультеттің профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми қауымдастық өкілдері, ардагер ұстаздар, ата-аналар және түлектер қатысты.
Шараның ерекшелігі ретінде факультет студенттері мен оқытушылары бірлесіп әзірлеген «Зерде» роботы таныстырылды. Робот Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2026 жыл ресми түрде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны жайлы, бұл бастама еліміздің цифрлық державаға айналуын жеделдетуді және экономиканың барлық салаларына озық технологияларды енгізуді көздейтінін және факультеттің жетістіктері туралы айтып, бітіруші түлектерді білімін жалғастыру үшін магистратура мен докторантураға шақырды.
Ізгі тілектерін жеткізген университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай студенттік жылдардың әрбір жетістігі болашақтағы үлкен табыстардың бастауы екенін атап өтті.
«Бүгінгі күн – сіздердің табандылықтарыңыздың, қажырлы еңбектеріңіз бен білімге деген ұмтылыстарыңыздың заңды нәтижесі. Бірнеше жыл бойы жинаған білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз енді үлкен өмір жолында өз жемісін береді деп сенемін.
Қолдарыңызға алатын диплом тек білім туралы құжат қана емес, ол – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын, армандарыңызға бастайтын маңызды белес. Алдағы өмірлеріңіз сәттілікке, кәсіби жетістіктерге және толағай табыстарға толы болсын! Әрдайым биік белестерді бағындырып, ел игілігі жолында абыройлы еңбек етулеріңізге тілектеспін», - деді проректор Ардақ Бейсенбай.
Мерекелік жиында Механика-математика факультетінің деканы Данияр Қозыбаев жас мамандарды құттықтап, олардың табандылығы мен еңбегіне ерекше тоқталды.
«Ең алдымен айтарым, Механика-математика факультетінің түлектері – сіздер нағыз батырсыздар. Өйткені Механика-математика факультетін тәмамдау – жай ғана диплом алу емес. Бұл – үлкен еңбек пен төзімнің, табандылық пен қайсарлықтың жемісі. Семестр сайын күрделі есептерді шығарып, матрицалар мен интегралдарды меңгеріп, формулалармен «дос» болып, талай сынақтан сүрінбей өттіңіздер. Бүгін, міне, сол еңбектеріңіздің жемісін көріп, көптен күткен қуанышты сәтке жетіп отырсыздар.
Механика-математика факультеті сіздерге тек терең білім ғана емес, логикалық ойлау қабілетін, табандылықты, жауапкершілікті және кез келген қиындыққа мойымай қарсы тұруды үйретті. Сондықтан алдағы өмір жолдарыңызда биік белестерді бағындырып, еліміздің дамуына үлес қосатын білікті маман болатындарыңызға сенімім мол», - деді факультет деканы.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Рысқұл Ойнаров түлектерге ақ батасын беріп, ғылым мен білімнің қоғамдағы стратегиялық маңызына тоқталды. Ол қазіргі заманғы дамудың негізгі қозғаушы күші – білім мен инновация екенін атап өтіп, жастардың ғылымға деген қызығушылығы ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Мен 30 жылдық тарихы бар ұлттық университетте 27 жылдан бері дәріс беріп келемін.Осыдан 15 жыл бұрын біздің математика мамандығын қазақ тобында 5-6, ал орыс тобын 1 ғана түлек бітірген кез болды.Бүгін жүздеген түлек диплом алып жатыр, бұл бақыт, сендер бақыттысыңдар, жас ұрпақ. Жортқанда жолдарыңыз ашық болсын!», - деді академик.
Салтанатты кеште ата-аналар атынан ризашылық сөздер айтылып, университет ұжымына алғыс білдірілді. Сонымен қатар білім мен ғылым жолында еңбек еткен ардагер ұстаздар мен профессорлар, жұмыс беруші компанияның өкілдері ақ тілектерін жеткізіп, жастарды үздіксіз ізденуге, кәсіби біліктілікті арттыруға шақырды.Өз кезегінде түлектер студенттік жылдардан алған әсерлерімен бөлісіп, білім берген ұстаздарына және ата-аналарына алғыстарын жеткізді.
«Бүгінгі күн – біздің өміріміздегі ең маңызды әрі ерекше сәттердің бірі. Осы жетістікке жету жолында бізге білім берген ұстаздарымызға, қолдау көрсеткен ата-аналарымызға және әрдайым демеу болған достарымызға үлкен алғысымды білдіремін. Бұл диплом – тек менің емес, біз бірге еңсерген қиындықтардың, тынымсыз еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта алған білімімізді ел игілігіне арнап, биік мақсаттарға жетуге тырысамыз. Барша түлектерді шын жүректен құттықтаймын!», - деді үздік диплом иегері Лаура Қасенова.
Шара мерекелік көңіл күйде өтіп, түлектердің өміріндегі ең жарқын әрі есте қаларлық сәттердің біріне айналды.
