
Жаратылыстану институтының түлектеріне диплом табысталды

Биыл Жаратылыстану институтын 594 бакалавр мен 142 магистр тәмамдады. Олардың ішінде 126 түлек үздік дипломға ие болды.
Сонымен қатар университет «География» білім беру бағдарламасы бойынша мамандардың 30-шы түлектер легін ұшырды.
Түлектерді ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректордың міндетін атқарушы, ЕҰУ Басқарма мүшесі Абзал Талтенов құттықтады. Ол университет түлектерінің еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие екенін атап өтіп, соңғы үш жылда түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 97 пайызды құрағанын айтты.
«Бүгін – баршамыз үшін ерекше күн әрі үлкен мереке. Бүгінде Еуразия ұлттық университетінің түлектері арасында танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрлер, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, белгілі ғалымдар, ұстаздар және даңқты спортшылар бар. Сіздер де осы игі жолды лайықты жалғастырады деп сенемін», – деді Абзал Талтенов.
Мерекелік кештің көркін «Наз» би ансамблі және университет студенттерінің өнер көрсетуі аша түсті.
Жаратылыстану институтының түлектеріне Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев, омбудсмен, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нэля Шапекова, Жаратылыстану ғылымдары институтының директоры Жарас Берденов, еңбек ардагерлері, профессорлар және жұмыс беруші ұйымдардың өкілдері де ақжарма тілектерін арнады. Олар жас мамандарға қол жеткізген жетістіктерімен шектелмей, білімдері мен кәсіби біліктіліктерін үнемі жетілдіріп отыруға тілек білдірді.
«Сіздердің басты мақсаттарыңыз – Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін еңбек етіп, мемлекеттің дамуына елеулі үлес қосу. Су ресурстары мен ирригация саласына жас мамандар аса қажет. Өмір жолдарыңыз сәтті болып, болашаққа жасаған алғашқы қадамдарыңыз нық болсын. Алған дипломдарыңыз сіздерге кәсіби табыс пен абырой әкелсін», – деді Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.
Салтанатты кеш барысында түлектердің ата-аналары университет ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.
Өз кезегінде Жаратылыстану институтының директоры Жарас Берденов түлектерге:
«Біз сіздермен қоштаспаймыз. Магистратура мен докторантурада қайта қауышамыз деп сенеміз. Университетіміздің есігі сіздер үшін әрдайым ашық», – деді.
Төрт жыл бойы университет қабырғасында білім алған түлектер студенттік шақтың жарқын естеліктерімен бөлісіп, сапалы білім мен тәлім-тәрбие берген оқытушыларға, сондай-ақ әрдайым қолдау көрсеткен ата-аналарына шынайы ризашылықтарын жеткізді.
«Әрқайсымыздың үлкен мақсаттарымыз бар, сол армандарымызды жүзеге асыруға ұмтыламыз. Бізді нағыз кәсіби маман ретінде қалыптастырған барлық ұстаздарға алғыс айтамыз. ЕҰУ түлегі деген мәртебені абыроймен алып жүруге, адал еңбек етіп, Жаңа Қазақстанның қарқынды дамуына өз үлесімізді қосуға уәде береміз», – деді үздік диплом иегері Нұргүл Бағдатқызы.
Іс-шара барысында әскери кафедраны тәмамдаған түлектерге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес «лейтенант» әскери атағы берілді.
