
ЕҰУ Жоғары колледжін 511 жас маман тәмамдады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ЕҰУ Жоғары колледжі түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Есеп және аудит», «Маркетинг», «Бағалау», «Туризм», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» білім беру бағдарламалары бойынша 511 жас маман оқуын сәтті аяқтап, диплом иегері атанды.
Түлектерді оқуын табысты аяқтауымен ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай құттықтап, жас мамандар алдында кәсіби дамуға, жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыруға және өзін-өзі жетілдіруге мол мүмкіндік ашылып отырғанын атап өтті.
«Бүгін сіздер өмірлеріңіздегі маңызды кезеңді аяқтап, кәсіби жолдың жаңа белесіне қадам басып отырсыздар. Таңдаған мамандықтарыңыз сіздерге кәсіби тұрғыда қанағат пен шабыт сыйлап, жаңа мүмкіндіктер мен толағай табыстарға жетелеcін. Әрқайсыңыз алға қойған мақсаттарыңызға нық қадам басып, үздіксіз дамып, еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосады деп сенемін», - деді проректор.
Биылғы түлектер арасында білімге деген талпынысы мен үздіксіз ізденісінің нәтижесінде 111 жас маман үздік диплом иегері атанды. Олар оқу барысында жоғары жауапкершілік танытып, кәсіби дамуға деген ұмтылысын және алға қойған мақсаттарына жетудегі табандылығын көрсетті.
Сондай-ақ, биылғы түлектер қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 25 студент бар. Олар оқу бағдарламасын сәтті меңгеріп, білім ордасының қабырғасынан диплом иегері атанып шықты. Бұл жетістіктер сапалы білімнің баршаға қолжетімді болуы, әрбір білім алушыға тең мүмкіндік берудің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Салтанатты шараға ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Байжұман Қашхынбай, ЕҰУ Жоғары колледжінің директоры Қуанышбек Мәліков, сондай-ақ колледж оқытушылары қатысты. Олар түлектерді құттықтап, өз күштеріне сенуге, кәсіби жетістіктерге жетуге, үздіксіз дамуға және алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдалануға шақырып, ізгі тілектерін білдірді.
