
ЕҰУ жаңа буын стратегиясын қалыптастыруда: 2027–2029 жылдарға арналған даму бағдары

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2027–2029 жылдарға арналған жаңа Даму стратегиясы жобасын талқылауға арналған «ENU: NEW STRATEGY» екінші стратегиялық сессиясы өтті.
Стратегиялық сессияға халықаралық Times Higher Education (THE) рейтингтік агенттігінің сарапшысы Эмми Роуз, Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Мыңбай, Стратегиялық жоспарлау, кадрлар және сыйақы жөніндегі комитет төрағасы Әділхан Киршимбеков қатысты.
Эмми Роуз THE консалтингтік жобасының нәтижелері мен THE World University Rankings (WUR) рейтингіндегі университеттің ілгерілеу тәсілдерін таныстырды. Баяндама барысында ЕҰУ дамуының үш сценарийі ұсынылды. Сондай-ақ өлшенетін тиімділік көрсеткіштерін әзірлеуге, ресурстарды стратегиялық басымдықтарға шоғырландыруға және университеттің жаһандық білім беру кеңістігіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретін үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге ерекше назар аударылды.
Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов жаңа Даму стратегиясы жобасын таныстырды. Стратегияны әзірлеу барысында оқытушылардың, қызметкерлердің, білім алушылардың және университет серіктестерінің ұсыныстары зерделеніп, ЕҰУ-дың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына жан-жақты талдау жүргізілгенін атап өтті. Жаңа стратегия жобасы THE сарапшыларының ұсынымдары, сценарийлік модельдеу, халықаралық бенчмаркинг және университеттің әлемдік білім беру мен ғылыми кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған негізгі тиімділік көрсеткіштері негізінде әзірленді.
Жаңа стратегия жобасын таныстыра отырып, Думан Айтмағамбетов бұл құжаттың алдыңғы стратегияның жалғасы емес екенін, жасанды интеллектінің дамуы, халықаралық бәсекелестіктің күшеюі, еңбек нарығы талаптарының өзгеруі және университеттердің инновациялар мен жаңа білім қалыптастыратын орталықтар ретіндегі рөлінің артуы сияқты жаһандық сын-қатерлерге берілген жауап екенін атап өтті.
Стратегия жобасы жеті стратегиялық бағытты қамтиды: «Зерттеу саласындағы көшбасшылық», «Инновациялар және кәсіпкерлік», «Болашақтың білімі», «Халықаралық бәсекеге қабілеттілік», «Цифрлық университет және жасанды интеллект», «Жаһандық ықпал және қоғамға қызмет ету», «Қаржылық тұрақтылық және инвестициялар».
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар университеттің болашағын бірлесіп талқылаудың маңыздылығын атап өтіп, құжатты одан әрі жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді.
Жаңа Даму стратегиясын әзірлеу жұмыстары жалғасуда.
